Соңғы көш

Естай, тұра ғой айналайын. Жұртта қаласың.... Тәтті ұйқының құшағында жатқан Естайдың құлағына бұл дауыс тіпті алыстан шыққандай болып естілді. Көзін ашып алса, дәл қасында иығынан тербетіп шешесі тұр. Төбеде туырлығын сыпырып алған киіз үйдің қаңқасы ғана қалыпты. Таң енді атып келе жатса керек, айналасына жібектей жұмсақ, көгілжім сәуле дірілдейді. Самсаған уықтардың арасынан күлгін түсті аспан, сол аспан төрінде сөнбей қалған қоламта шоғындай некен-саяқ жұлдыздар көрінеді. «Айтпақшы, бүгін жайлауға көшеді екенбіз ғой» – деп ойлады ол жүрегі тайдай тыпыршып. Басын қуана көтеріп, алакеуім ішінде қарбаласып жүрген адамдарға қарап біраз отырды. Төңірек шуға толы: мөңіреген бұзау, кісінеген жылқы, әлдеқайда шөгеруге көнбей жынын шашып, бақ еткен түйенің дауыс келеді құлағына... Тәңірім-ай, бұл ес білгеннен бері көшер алдындағы осынау таңғы сәт мұның көз алдында қанша рет қайталанды екен? Ең ғажабы, Естай ел қатарлы бір оянып көрген емес, қашан да болса, үйдің туырылығы сыпырылып, осылай жалаңаш тұрғанын бір-ақ біледі. Ей, Естай не қып отырсың? Тұр, басыңа шаңырақ құлайды, – деген Жолбарыстың көңілді дауысы шықты.
Ол орнынан қарғып тұрып киіне бастады. Жолбарыс пен Зипа қолдарына көз іліспей, керегенің басынан уықты шешіп жатыр. Естай да солардың қасына барып тұра қалды. Уықты қатарынан ала бермей, әр жерінен аралатып шешіңдер, шаңырақ тең тұратын болсын,– деді үйдің ішін буып-түйіп жүрген Балжан.
Жолбарыс көңілді екен. Қалада өскен жігіт қазақтың көші-қонын бірінші рет көріп тұрса керек.
Қарашы, тамаша емес пе ?! – дей береді әлсін-әлі.
Қанағат бастатқан ауылдың еркектері ат ерттеп, түйе қомдап, қарбаласып жүр.
Бақан әкеліңдер, бақан!
Естай жүгіріп барып жерошақ басында жатқан бақанды әкеліп, шаңыраққа тіреді.
Әй, үлкендерден қайсысың барсың? Жөн білетін біреуің ұстаңдаршы шаңырақты! – деді Балжан баласына сеніңкіремей.
Таяуда тұрған Қанағат:
Шаңырақтың иесі өзі емес пе? Ұстап үйренсін, - деді күліп. Сосын ұлына түсіндіре бастады: «Екі желбауын қосып, шаңырақты қыдырпай нық ұста... е, солай. Ал, шаңырақты қай жаққа әперуді білесің бе? Бері мұнда әкел, ел көшетін жаққа... Әні-міне дегенше үйдің жүгі тең-тең болып буылып, қомдаулы көліктер де әкелінді. Нұрғазы, Бақтияр, Байжұмандай қарулы жігіттер сүйегі ауыр , жүгі мол Қанағат үйінің теңдерін шөгерілген түйенің үстіне дік-дік апарып қойып, бір-біріне «алдысың ба, артысың ба? деп алып, сонан соң белдеріне шалған арқанды шірене тартып жатыр. Естай ағаларын бүгін көргендей, таңырқап тұр. Қимылдарына көз ілеспейді, шапшаң да шалт қозғалыс... «Қазір жау келе жатыр екен» десе, сенесің. Бұлар да өз ісінің нағыз шеберлері. Егер күш-көлік сай болса, бір ауылдың жүгін бір сағатта артып болып, келген жауға жұртын сипатып кететін азаматтар. Еркегі аттың жалында ұйықтап, әйелі түйенің қомында босанатын көшпенділер ұрпағы – міне, осылар.
Талқылау
Сондай-ақ оқыңыз:

26 сентябрь 2017, Вторник
Қабдеш Жұмаділов: С. Мұқановтың еңбегін өзі арқа сүйеген Совет өкіметі жеп кетті…
Пікірлер (0)