Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ: «Ұлы көш тоқтауы тиіс емес»
– Келе жатқан мерейтойыңыз құтты болсын! Сексеннің сеңгіріне жетсеңіз де, қаламыңызды тастамай, ой қуып, көкіректегіні сығып, ақ қағазға түсіру кез-келген жазушының маңдайына жазылмаған бақ. Бұл жағынан келгенде сіз тағдыр-талайыңызға риза шығарсыз. Дегенмен, артыңызға қарап «жаза алмай қалдым-ау, айта алмай қалдым-ау» деп өкінетін кездеріңіз бола ма? Неге үлгермедіңіз?
– Иә, жылдар зулап өтіп жатыр. Әні-міні дегенше сексенге келіппіз. Бұл жасқа екінің бірі келіп жатқан жоқ. Осы өміріме де разымын. Бұл жасқа үлкен еңбекпен келдім. Жазушылар одағы қозғау салып, мамыр айында Алматыда үлкен мерейтойлық кеш өткізгелі жатыр. Туған жерім – Шығыс Қазақстан. Сол жақтағы үш-төрт ауданның құрметті азаматымын. Олар да мені шақырып жатса, туған жерге барып қайтуға қарсы емеспін. Ал, қаламгер үшін жазатын нәрсе көп қой. Дегенмен мен осы жасыма дейін, ойыма алып, жазамын деген шығармамды жаздым. Өкінетін ештеңе жоқ. Мен екі империяны көрдім. Дәмін таттым. Шығармаларымның дені осы екі ел ортасында болған оқиғалар. Мен арғы беттен «Тағдыр» романының, бірнеше кітапқа жүк болған «Соңғы көш» романының, «Атамекен» романының материалдарын алып келдім. Қытайдан тек келген жоқпын, осындай қазынаны арқалап келген жанмын. Бүгінге дейін он роман, жиырма бір повесть, жетпістен астам әңгіме жазған адаммын. Әңгімелерімнің бәрі есте қалатын әңгімелер. Кішігірім дүниелер емес. Былайша айтқанда, әңгімелерім повеске бергісіз, повестерім романға бергісіз. Өзегінде кесек ой жатқан, іргелі дүниелер.
– Қанша роман, повесть, әңгіме жазсаңыз да, бірде-бір рет пьеса жазбапсыз. Неге?
– Кезінде «Қабдеш аға, мына повестеріңіз киноға сұранып тұр» деп Қазақфильм «Сәйгүлік» бастаған бірнеше повесімді сатып алған. Келісім бердім. Ол сол Кеңес құлар тұс еді. Сценарий жазылып, әні-міні дегенше, Кеңес одағы ыдырап, бәрі жайына қалды. Тәуелсіздік жылдары да «кейбір повестеріңізді қайта сценарий етіп жазып берсеңіз, кино түсірейік» деген өтініштер болды. Бірақ рай танытпадым. Өйткені көңіліме қонатын режиссер де жоқ. Жақсы дүние босқа қор болмақ. «Одан гөрі көркем дүние болып қала бергені жөн» деп шештім. «Шіркін-ай Қаракерей Қабанбай батырға арналған «Дарабоз» романы тұнып тұрған кино ғой. Неге түсірмейсіздер?» дейтіндер көп. Біріншіден, ол менің ырқымдағы дүние емес. Екіншіден, оған мемлекеттік қолдау керек. Кітаптағы оқиғаның өзегі он сегізінші ғасырдағы қазақ хандығының шынайы өмірі, сыртқы жаумен арпалысы. Оны түсіру үшін үлкен дайындық, қомақты қаржы керек. Жылы сөз айтылғанымен, іске келгенде әлі ешкім тәуекел етіп бел байлап, кино етуге тырысып жатқан жоқ. Бәлкім оның да бір дөңгелеп уақыты келер. Жалпы, тек проза ғана емес, өлең де жазған адаммын. Бірақ неге екенін қайдам, драмаға бармаппын, пьеса жазбаппын. Сайып келгенде, пьеса деген не, қырық-елу беттік дүние ғана. Өз қатарластарым сол салаға қалам сілтеп жатқанда, мен де сол дүрмекпен жазып тастауыма да болар еді. Қолдан келмейтін дүние емес. Бірақ менің принципімде қосалқы авторлыққа қарсымын. Жалпы, пьеса сені қосалқы автор болуға мәжбүрлейді. Режиссер сенің жазғаныңды оқиды, қосатынын қосады, кесетінін кеседі. Одан актер сөзіңді дұрыс жаттай алса, жарады. Дұрыс айта алмаса, көркем сөзден мән кетеді. Мағына кетеді. Сүйтіп жұлым-жұлым бірдеңе шығады. Сәтті шықса, бір сәрі. Сәтсіз болса, жақсы дүниең бүлінеді. Көңілің құлазиды, атыңа кір келеді. Осылайша сенің жазғаның коллективтік еңбекке айналып кетеді. Коллективті қойып, екі адам бірігіп шығарма жазғанға қарсымын. Өйткені, ол екі әйелдің бірігіп, бір бала тапқаны секілді. Нағыз жазушы, нағыз суреткер біреумен бірігіп шығарма жазбайды. Менің драма жазбайтыным, біреумен қосалқы автор болмайтындығым содан. Таза прозаикпын. Менің ұстанымымда шығарма жазылмайды, туады. Бір рет қағазға түсіргенімді екінші мәрте өңдеп, қайтадан жазып көрген емеспін. Өйткені ол шығарма солай туды, солай қалу керек. Ол менің шығармашылық жолдағы дамуымның көрінісі болуы керек деп ойлаймын. Сонау 60-70-жылдардағы Жұмаділов қандай болды, қалай жазды, бүгінгі Жұмаділовтың қарымы қандай дегеннің таразысы ол.
– Ірі, күрделі тарихи тақырыптарды жазып жүрген қаламгердің эротикалық әңгімелерге ойысқаны қалай? Кітап оқитын кездің уақыты өтіп, оқырман азайған заманда, жұртты эротикамен қызықтырғыңыз келді ме?
– Бұл жерде менің көздегенім, оқырман көбейту емес. Жұмаділовты оқитындардың саны кеміген жоқ. Рас, қазір жұрт кітаптан гөрі, ғаламторды көбірек қарайды. Бірақ ол оқырман азайды деген сөз емес. Жақсы шығарма қашанда халыққа жетеді. «Толғанайдың түні», «Әмбебап әйел», «Кәрілерге ем болатын дәрілер», «Тұл махаббат» деген әңгімелер жаздым. Эротикаға әдейі бардым. Мұндағы көздегенім – демография. «Ұлт саны қайткенде өседі» деген мәселе. Арғы тарихқа көз салсақ, исі қазақ екі қатын алғанды ар көрмеген. Тіпті әмеңгерлікті де дұрыс жолға қоя білген. Себебі қазақтың өткен тарихына үңілер болсақ, бабаларымыздың өмірі жаугершілікпен өткенін көреміз. «Еркек тоқты құрбандық» дегендей, сол соғыстарда ерлердің саны үнемі азайып отырды. Ал, «олардың санын қалай көбейту керек?» деген түйткілді қазақ көп әйел алумен шешкен. Әмеңгерлік те сол. Әйел ерден кетсе де, елден кетпеген. Сол дәстүрді жақтаймын. Қазір екі әйел тұрмақ, бір әйелге шамасы келмей, қуаты кеміген еркектер көп. Бұл – трагедия. Бір Алматының өзінде жүз мыңнан астам кәрі қыз бар екен. Ал осылар ең құрмағанда тоқал болып тиіп, өмірге сәби әкеліп жатса, бұл үлкен өсім ғой. Балшықтан бала жасай алмай жатқан қазіргі заманда, әр баланың орны бөлек.
– Қазақстанның көп томдық тарихы қайта жазылып жатқаны белгілі. Ол – жеке әңгіме. Ал көркем әдебиетте алаш баласының жүріп өткен қилы-кезеңі, тарихы қалай жазылуда?! Бір қызық жайт, қазір кейбір жазушы, ғалымдар Шыңғысхан Жетісуда, Іленің бойында туылған деген деректер айтып жүр. Бұған қандай уәж айтасыз?
– Тарих саясатпен байланысты. Тарих саясатқа бағынады. Саясатқа бағынды деген сөз билеуші топқа бағынды деген сөз. Сондықтан Кеңес заманындағы тарихымыз бұрмаланған тарих болды. Жавахарлал Нерудің сөзі бар: «Отар елдің тарихын отарлаушы жазады» деген. Бізде дәл сол болды. Біздің тарихты орыстар жазды, не болмаса солардың айту-көрсетуімен Ресейдің ыңғайына орайластырып қазақ тарихшылары жазды. Ешқандай нақтылық жоқ, бұрмаланған тарих болды да шықты. Соған қарап тұрсаң, бір кездері Қазақстан Ресейге өз еркімен қосылған болып шығады. Сол қосылуды жақтап, қол қойған Әбілқайыр хан керемет көреген, данышпан болып дәріптеледі. Өйткені Ресейге қосылу арқылы біз Кеңес Одағының бір мүшесі атандық. Одан кейін нұрлы болашақ-коммунизмге төте жолмен тарттық. Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған, керемет заманда өмір сүрдік. Осының бәрі Әбілқайырдың көрегенділігінің арқасы делінді. Ал Ресейге қосылуға қарсы болғандар, жат пиғылды, ойы бұзық, тек хандық дәуірді көксегендер болып айтылды. Меніңше, сол дәуірде де елімізде екі партия болған сияқты. Әрине, партия деп өзін айтып отырмын. Былайша айтқанда елдің бетке ұстарлары жікке бөлінген. Бірі Әбілқайыр бастаған бодандық партиясы, екіншісі, Абылайхан, Қабанбай батыр, Барақ сұлтан бастаған бостандық партиясы. Соңғыларының ойы, өзгеге бодан болу емес, тәуелсіз ел, дербес мемлекет болу еді. Олар қолдан келгенше, дербестікті сақтай отырып, Қытаймен де, Ресеймен де дипломатиялық қатынас ұстауға тырысты. Тепе-теңдікті сақтауға ұмтылды. «Кіші бауыр» болуға тырыспады. Содан болар Кеңес заманы тұсында үш жүздің басын қосқан, қазақ тарихында ерекше орын алатын Абылайды хан емес, сұлтан деп кемсітті. Әбілқайырдың басын алған Барақ сұлтанды жамандады. Иісі қазақ әскерінің ұлы қолбасшысы Қаракерей Қабанбай батырды елемеуге тырысты. Ал осы дұрыс тарих па? Көрдіңіз бе, империя біздің тарихты өзгеше жазуға, өздеріне ыңғайлап жазуға ден қойдырды. Тарихты бір кісідей білетін адам ретінде бұл өте сорақы болып көрінді. Осының бәрі жанымды жай таптырмай, «Шын тарихты неге жазбасқа?» деген ойға жетеледі. Содан болар ащы шындықтың қанын сорғалата отырып, тарихи дүние жазуға, яғни «Дарабоз» атты роман жазуға мәжбүр болдым. Өйткені халыққа өз тарихының қалай болғанын қалайда дәлелдеу керек еді. Өтіріктің ең баттасып тұрған кезі он сегізінші ғасыр болды. Ол кезде басты уақиға не, басты қаһармандар кім дегенде, оқиға мен белгілі тұлғалардың орны ауысып кетті. Нағыз өтірік осы жерде айтылды. Басты оқиға Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылуы, басты тұлға Әбілқайыр болды. «Дарабоз» арқылы басқа концепция ұсындым. Басты оқиға Қазақстанның Ресейге қосылуы емес, қазақ жерін жоңғар басқыншыларынан тазарту, азат ету екенін көрсеттім. Сол ұлт азаттық отан соғысының басты тұлғасы хан Абылай, бас батыр Қабанбай екенін дәлелдеп шықтым. Орысқа қазақ ешуақытта да өз еркімен қосылмаған. Әбілқайыр заманынан кейін де алаш жұрты өз еркіндігі үшін орыстармен талай соғысты. Тіпті он тоғызыншы ғасырдың өзінде оңтүстік жақ берілген жоқ. Тек Черняев зеңбіректің оғының астына ала отырып көндірді. Демек қазақтың орысқа өз еркімен бағынуы жалған. Қазақ қашанда бостан болуды, азат болуды сүйген ел. Біз кешеге дейін тарихты кері оқып келдік. Ал қазір заман өзгерді. Тәуелсіз елміз. Сондықтан ащы да болса тарихты келер ұрпаққа дұрыс жеткізу парызымыз. Құдайға шүкір, қазір кезінде айтылмаған шындық айтылып жатыр. Тасқа басылып, қатталып жазылып жатыр. Елдің көзі ашылды. Бұрыс пен дұрысты таразылады. Тәубә! Қазір біз жоңғар заманынан өтіп, Шыңғысхан дәуірін зерттеуге көштік. Ұлы қаған ешқандай моңғол емес, таза түркі екенін дәлелдеуге тырысып жатырмыз. «Моңғолдың құпия тарихы», сол секілді Рашид ад-Диннің «Жылнамалар тарихы» секілді дүниелер кезінде дұрыс аударылмаған. Менің ше, әдейі аудармаған секілді. Осыдан келіп қателіктерге ұрындық. Шыңғысхан түрік. Ал осы «түрік» деген сөзді әдейі қоспаған. Сол тарихи дүниелерді қазір қытай тіліне жетік білетіндер қайтадан аударып жатыр. Шындық әлі айтылады. Оның бүкіл нояндары түркі тайпаларынан шыққандар, қайын жұрты, нағашы жұрты қоңырат. Тарихты жетік білетін Мұхтар Мағауин «Шыңғысхан және оның заманы» дейтін төрт томдық кітап жазды. Бар ащы шындық сонда көрсетілген. Өзге де зерттеушілер Шыңғысханның түрік екеніне көз жеткізді. Солай деп көрсетуде. Кейбір империялар тарапынан жүргізілген кезіндегі солақай саясат Шыңғысханды түрік емес, моңғол етіп көрсетуге тырысты. Өйткені ұлы қағанның түрік екенін мойындау, Шыңғысханды түрік деп тану, сан-салалы түрік жұртын қайта көтеру, рухын оятып жіберу деп ұғып, одан қорықты. Енді қазір біз Ұлы қағанды қалайда әлемге түрік екенін мойындатуға күш салуымыз керек. Мәселе, оны қазақ деп, мына тұрған Түргенде, Жаркентте туған, сол жерде өсіп-өнген деген өтірікті айтпауымыз керек. Бұрхан-Халдун қайда, Жаркент қайда? Өтіріктің құйрығы бірақ тұтам деген. Мәселе, Шыңғысханның қазақ болуында емес, мәселе оның «арғы атам ер түрік» деп кешегі алаш зиялылары жырлағанындай, түркі азаматы болуында. Біз осы жағынан келуіміз керек.
– 1962 жылы Қытайдан Қазақстанға өткен Ұлы көштің себепкері, қозғаушы күші – сізсіз. Оны біреу мойындар, біреу мойындамас. Ол әркімнің өз еркі. Өкінішке қарай, жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, сол көшті зерттеп, неден туғанын саралап жатқан ешкім жоқ. Неге? Жалпы сіз «Шет елдегі қазақ – біздің алтын қорымыз» дейсіз. Осы алтын қордан түбі айрылып қалмаймыз ба?
– Амал не, қазақтың көшi-қон тарихын әлi күнге дейiн бiзде ешкiм зерттеген жоқ. Әсiресе, 1962 жылғы көш еш жерде айтылмай, жазылмай, жабулы күйiнде қалып келедi. Олай болатыны, Кеңес дәуiрiнде бұл оқиға айтуға болмайтын мемлекеттiк құпия саналады. Ал тәуелсiздiк жылдарында ұлт тағдырына қатысты мәселеге зиялылар тым селқос қарады. Жоқтан өзге ұсақ-тұяқ тақырыптарға кандидаттық, докторлық диссертация қорғағыш тарихшылар да осы бiр маңызды тақырыпқа аттап басқан жоқ. Ал бұл iске менiң қандай қатысым барын бiлгiңiз келсе, сол оқиғаның басы-қасында болған жай қатардағы куәгер емес, 1962 жылғы көштi дайындаған, әрi соның бұйдасын ұстап келген адаммын. Тарихта үлкен оқиғалар кейде кiшкентай идеядан бастау алады. Бұл жолы да солай болды. Онда менiң Қытайдағы саяси науқандарға байланысты, Алматыдағы оқуымнан (1956-1958) қол үзiп, үш жылдай Үрiмжiде бақылау астында жұмыс iстеп, өзiмнiң туған қалам Шәуешекке келген бетiм болатын. Жоғарыға дүркiн-дүркiн арыз жазып жүрiп осыған қолым әрең жеткен. Ондағы мақсат – шекараға жақын (небәрi он сегiз шақырым) Шәуешекке жетiп, одан ары Қазақстанға өту, үзiлiп қалған оқуымды қайта жалғастыру еді. Шекарадан өтсем, менi керi қайтармайтынына сенiмiм кәмiл. Өйткенi, Қазақ университетiнiң студенттiк билетi мен екi жыл бойы баға қойылған «сынақ кiтапшасы» костюмiмнiң iшкi қалтасында тығулы жүр едi. Соны көрсетсем, менiң шекара бұзған жансыз, не «шпион» еместiгiме шекарашылар сенедi деп ойлаймын. Анығын айтсам, 1961 жылы көктемде Шәуешекке келудегi басты мақсатым осы болатын. Ал атажұртқа көш бастап өту, сол көшке халықты дайындау идеясы кейiн пайда болды. Мұндай өзгерiс енгiзген өмiрдiң өзi. Үрiмжiде ашаршылықтың дәмiн татып, көнек аурумен iсiп-кеуiп жатқандарды өз көзiммен көрiп келгенмiн. Шәуешекке келсем, бұл аймақты да ашаршылық жайлап алған екен. 1958 жылы жаппай құрылған «Халық коммунасы» қалың жұртшылықты ортақ қазанға қаратып, жеке түтiн шығаруға тыйым салып, iшер ас, киер киiмге зар қып қойған кезi. Бұқара халық бұған наразы болып, аштық апатынан құтылудың амалын таппай, бастары қатып жүрген аса қиын кезең болатын. Осыдан бiр жыл бұрын Алтай аймағы коммунаға қарсы көтерiлiске шығып, олар қарулы әскер тарапынан күшпен жанышталған. Ақыт қажының баласы Қалман бастаған алпыс адамды байлап-матап, Үрiмжi түрмесiне әкелгенiн өз көзiммен көргенмiн. Шеттерiнен мерген, Оспан батырдың ерлiк дәстүрiн әлi ұмыта қоймаған, жауынгер Алтай керейлерi анадай халге ұшырағанда, Шәуешектiң отырықшы, әрi «оқымысты» жұрты ондай қайрат көрсете алмасы анық. Демек, бұл елге аштық апатынан құтылудың басқа жолын iздеу керек. Мiне, атажұртқа ел көшiру идеясы менiң басымда осылай туды. Жеке мақсат ендi ұлт мақсатына айналды. Қолымда «төменге түсiрiлдi» деген жолдау қағазым болғанымен, «идея қалтам» (қызметкердiң өз қолына берiлмей құпия ұсталатын жеке делосы) Үрiмжiден уақытында келмей, Шәуешекте үш айдай бос жүрдiм. Көңiлдегi мақсатты жүзеге асыруда, осы айларды пайдаланып қалуға күш салдым. Бұл – қаладағы мұғалiмдер мен студенттердiң де жаздық каникулға шыққан бос кезi. Мен сияқты «төменге түсiп», әлi орныға алмай жүргендер қаншама. Алғашқы аптада-ақ Шәуешек жастары менiң маңайыма үйiрiле бастады. Олай болатыны, ол кезде жұртқа танымал, жас ақынмын. Оның үстiне Алматыда екi жыл оқып қайтқан, Мәскеудi көрген (1957 жылы Мәскеуде өткен дүниежүзiлiк жастар мен студенттердiң 6-фестивалiне Советте оқитын Қытай студенттерi атынан қатысқанмын) адаммын. Қайтсек ұлттық езгiден құтыламыз, атажұрт Қазақстанға қалай жетемiз деп, ұшарға қанат таппай жүрген жастардың менен сұрайтын ақыл-кеңестерi көп-ақ. Мұндай мүмкiндiктi зая кетiрмей, алдағы көш туралы әңгiменi ашық айта бастадым. Кешке қарай қалалық саябаққа барамыз, ойын-тойға қатысамыз, мұнда да толастамайтын сол әңгiме. Жастар Алматыны сұрайды, Мәскеудi сұрайды. Қазақстан халқының тұрмысын, мәдениетiн бiлгiсi келедi. Өздерi аттарын естiген ақын-жазушыларды сұрайды. Тiптi асыра айтпағанның өзiнде, техникасы мен мәдениетi шығандап алға кеткен советтiк өмiр салты оларға ғажайып ертегi сияқты әсер етедi. Әсiресе, Қазақстандағы тоқшылықты, жыл ара миллиард пұт астық алатынын естiгенде, ауыздарының суы құриды. Сонымен, Шәуешек халқы көшуге дайын деуге болады. Қала тұрғындары ғана емес, қырдағы ел де солай. Алақандарына түкiрiп, «құдайым алдағы көктемдi қолға бере ме, жоқ па» деп, асыға күтiп отыр. Бiрақ бұл жеткiлiксiз. Ендi алдағы көшке Совет одағын дайындау керек. Артынып-тартынып, шұбырып жетiп барғанда, шекарашылар халықты өткiзбесе, не алдыңнан оқ боратып, қырып салса не болмақ. Ендеше, олардан алдын ала баспана сұрап, босқындар көшiн бөгетсiз қабылдайтын ету керек. Осы оймен, бiз сол жылы күз айларында Мәскеуге жүздеген адамның қолын қойдырып, ондаған хат жолдадық. Адрес белгiлi: «Мәскеу. Кремль. КПСС Орталық Комитетiнiң бас секретары Н.Хрущев жолдасқа», немесе «Жоғарғы Совет Президиумының төрағасы К.Ворошилов жолдасқа» деймiз де, конверт сыртына бағалы маркiлер жапсыртып, айрықша заказбен жiберемiз. Кейде ол хаттардың көшiрмесiн Қазақстан Компартиясының бiрiншi хатшысы Д.Қонаевқа жiберiп отырдық. Мен Мәскеуге жолданатын хаттардың бiрнеше нұсқасын дайындағам. Онда Шыңжаң қазақтарының бұл өлкеге қоныстану тарихы, жалпы қазақтың атажұрты – Қазақстан екенi қысқаша баяндалған. Сондай-ақ, қазiр Шыңжаңдағы қазақ ұлтының Қытай шовинистерi тарапынан саяси, экономикалық, құқықтық езгiге ұшырап отырғаны, қазiр ел iшiн аштық жайлағаны айтылған. Одан ары «Совет Одағы – дүниедегi езiлген халықтардың жанашыр досы екенi, Шыңжаң қазағына атажұртқа көшуден басқа еш амалдың қалмағаны айтылып, егер алдағы көктемде көшiп бара қалсақ, бiзге баспана берiлуiн сұрағанбыз». Кереметi сол, Кремльге жазған хаттарымыздың «тапсырып алдық» деп мөр басылған түбiртегi келiп отырды. Бұл жағдай бiздi одан ары жiгерлендiре түстi.Қараша айында Шәуешекке Құлжадағы Совет консулының орынбасары келдi (бұл кезде Шәуешектегi Консулдық жабылып қалған). Ол жұртшылықтың тiлегi бойынша, көп адамдарды кезекпен қабылдады. Қабылдауда мен де болдым. «Ал халық ше? Шәуешек халқы алдағы көктемде атажұртқа көшемiз деп белсенiп отыр. Олардың жағдайы не болады?» дедiм консулдың ау-жайын түйгiм келiп. «Осында келгелi осындай тiлектi көп естiдiм. Мұны мiндеттi түрде жоғарыға жеткiзем. Айналып келгенде көшу мәселесiн халықтың өзi шешедi» дедi ол. Арадағы әңгiмеден өзiмнiң дұрыс бағытта екенiмдi түсiндiм. Күткенiмiздей-ақ, 1962 жылдың сәуiр айында көш басталып кеттi. Алдымен осы оқиғаны тықырши күткен қала жастары мен шекараға таяу ауылдар өттi. Олардың «балдай батып» кеткенiн көрген соң, алыс ауылдар мен аудандар қозғала бастады. Ол кезде, келiсiм бойынша, шекараны Совет солдаты ғана күзететiн. Қытай жағы әлi шекара күзетiн қолға ала қоймаған. Несiн айтасың, Совет Одағы жүз елу шақырымға созылған Тарбағатай шекарасын бес жерден ашып тастады. Жаманты, Бақты, Ергейтi, Емiл, Шағантоғай заставалары бiр шақырымға дейiн шекара сымдарын жинап тастап, аттылы, арбалы, түйелi көштердi күндiз-түнi қабылдады-ау! Не керек, айналасы жиырма-шақты күнде Шәуешек шаһары түгелiмен (қалада жүз мыңға жуық қазақ тұратын), қалаға қарасты аудан халқы, Шағантоғай ауданы, Шәуешектегi дүмпудi естiп қозғалған Толы мен Дөрбiлжiн ауданының бiр бөлiмi шекарадан өте шықты. Егер Қытай өкiметi әлсiн-әлi нота тапсырып, бiрiншi мамырда шекара жабылып қалмағанда, көш аймақтағы жетi ауданға түгел тұтасар едi. Соның өзiнде 200 мыңнан астам адам шекарадан өтiп үлгердi. Әрине, ресми құжаттарда бұл сан кемiтiп көрсетiлдi. Дұрысы, сiрә, бiздiң есебiмiз болар… Бұл көштiң барысы «Таңғажайып дүние» атты ғұмырнамалық романымда егжей-тегжейлi жазылған. Өз басым сол көштiң жоспарын жасап, бұйдасын ұстап келгенiмдi мәңгi мақтаныш етемiн. Менiң жазушылық еңбегiм, жазған том-том кiтаптарым өз алдына. Ал 1962 жылғы көш – менiң азаматтық қызметiмнiң шырқау шыңы. Қазiр көре алмайтын, iштерi тар, мысық тiлеулi бiреулер менiң көш бастаған еңбегiмдi жоққа шығарғысы келiп: «Ол – ашаршылықтан қашқан босқындардың көшi ғой. Жұмадiлов соны сырттай иемденiп жүр» деп пыш-пыш өсек тарататын көрiнедi. Ондайлардан мынаны сұрау керек: «Иә, ол жылдар Қытайда аштық болғаны рас. Ондай аштық апатына қазақтар тұратын Алтай аймағы да, Құлжа аймағы да ұшырады ғой. Жерлерi шекараға тиiп тұрғанына қарамай, ол аймақтардың халқы неге қозғалмай отырып қалды? Көктемгi көкөзек шақта Шәуешек халқын дүр көтерген қандай күш? Көш бастаған серке кiм?» Ал менiң Мәскеу мен Алматыға ел атынан хат жолдағаныма күмән келтiрушiлер табылса, ол хаттар Орталық Комитеттiң мұрағатында сақтаулы. Ақтарып көрулерiне болады. Иә, жоғарыда айтқанымыздай, 1962 жылғы ұлы көшке биыл – 54 жыл. Оның ұлы болатыны, қылышынан қан тамған империялар шекарасын қақырата бұзып өтуiнде. Ол да ұлт рухының тасыған бiр жылы болар. Онда бiздiң де жас кезiмiз. Арман жоқ, ойхой жиырма бесiмiзде көш бастап, қамал бұзыппыз! Ол көш те ерiккеннен емес, ұлт қамын күйттеуден туған. Бүгінде сол 200 мың адам өсіп-өне келе миллионнан асқаны белгілі. Елге ел қосылса құт деген осы. Қазір тәуелсіздік алғаннан бергі ширек ғасырда сырттан миллионға тақау қандастарымыз келіпті. 25 жылда. Ал 1962 жылы 20 күн ішінде 200 мың халық дүр көтеріліп, шекара асты. Мұны Ұлы көш демей, не дейміз?! Еліміз қандай жағдайда өмір сүрмесін, сырттағы қандастарымызға қашанда есік ашып қоюы керек. Көш тоқтауға тиіс емес. Исі қазақтың бір ғана Отаны бар. Ол – Қазақстан.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескендер
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ,
Толғанай ТАЛҒАТҚЫЗЫ
Суретті түсірген Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ
Талқылау
Сондай-ақ оқыңыз:
26 сентябрь 2017, Вторник
Қабдеш Жұмаділов: С. Мұқановтың еңбегін өзі арқа сүйеген Совет өкіметі жеп кетті…
Пікірлер (1)







