Творчество - Қабдеш Жұмаділов

Ақынның ақырғы күндері
Соңғы айларда дүние асты-үстіне шығып, мидай былығып кетті. Бастан кешіріп жатқаны реалды өмір ме, әлде көрген түс пе, ажыратудың өзі қиын. Әлде бұл осынау пәнимен параллель, қатар өтіп жатқан басқа бір уақыт иіріміне түсіп кетті ме? Бәлкім, бұл әлдеқашан өліп, мына көріп жүргені – тозақтың қинауы шығар? Еш нәрсе айқын емес. Ойлай-ойлай  сана да сарқылған. Үміт үзілген. Бастабында ғайыптан бір ғаламат күш келіп, құтқаратындай көрінуші еді, өлеусіреп барып ол да өшіп тынды. Ақын өр еді, тәкаппар еді. Көрген адамның көзі тояр сымбатты еді. Қазір содан жұрнақ та қалған жоқ. Қыры сынып болған. Абақтының алғашқы күндері осындай қыр сындыруға, тұтқынды кісілік қалыптан айыруға жұмсалады екен. Адам еркіндікте жүргенде ешкімге кеудесін бастырмайтын, қорлауға көнбейтін, бір асау намыс болады ғой. Бұлар ең алдымен сол намысты алып тастайды екен. Бұл қазір диірменге түсіп шыққан дән сияқты. Илеуге көне беретін ұн ба, талқан ба, бірдеңе. Мұнда келгелі айнаға кім қарап көріпті. Бірақ бір кезде арулардың көз құрты болған, әйел тұр ғой, ерлердің өзі сұқтана қарайтын сұлу жүз, нұрлы келбет көзден ғайып болғанын іш сезеді. Бет-аузы көлкілдеген ісік, бар денесі байы сабаған қатындай көп-көкала. От ұшқындап тұратын мойылдай қос жанардың орнында жыртиған бірдеңе тұр. Көзіне зақым келді-ау деймін, сонау бір соққыдан кейін сорасы тиылмай, бұлдырай береді. Жендеттердің жұдырығы ат тепкендей. Бұл қазір қасқа тістен жұрдай. Ақынды өзге жұрттан ерекшелеп тұратын тағы бір жері – қиылған қара мұрты еді. Жендеттердің көзіне сүйел боп қадалды ма екен, соңғы сұрақ кезінде оң жақ шалғысын уыстап, қанталата жұлып алды. Ауыр азапқа жан шыдағанмен, тән шыдамайды екен. Бұл күнде бір ғана тілек бар: «ұрмаса екен, жанымды енді қинамаса екен» дейді. Тергеушілерді көргенде, тағы қай жерімнен періп қалар екен деп, өзінен-өзі бұғып, кішірейіп кетеді. Тіршіліктен күдер үзіп қойғалы қашан. Ендігі жерде жарық дүниені көремін-ау деп дәметпейді. Мына түрімен өмірге оралғанда не бітірмек? Тірі аруақтай боп, ел көзіне қалай көрінбек? Мына тірлікте бұл қимайтындай не қалды? Ақынның ендігі аңсап күткені – ажал ғана. Адамды ауыр азаптан ақ өлім ғана құтқармақ. Бұрын өлімнен өлердей қорқушы еді. Онысы ағаттық екен. Өлім жұрт ойлағандай құбыжық емес, құтқарушы екен ғой. Мынадай лас дүниеден сені арулап алып кететін, шыбын жаныңа рахат-тыным беретін сондай бір ақтық пананың болғаны қандай жақсы! Мағжан қалай тауып айтқан: «Мені де өлім, әлдиле, Әлдиле, өлім, әлдиле!» – деген жолдар қазір мұны бесік жырындай тербетеді. Ит тірлікте кімнің қадірін кім білген, қайран Мәкең данышпан екен ғой. Өзі айтқандай, «Күннен туған, Гүннен туған пайғамбар». Айтпақшы, сол Мағжан да қайта ұсталған сияқты. Оның бостандыққа шыққанына жыл толды ма, толмады ма? Бір мәрте жазасын өтеп қайтқан ақынды қайта қамағаны несі екен? Секем алғаны, соңғы сұрақтардың бірінде Мағжанның аты шығып қалды. Ол да, сірә, «Жапонияның шпионы» болса керек. – Жұмабаевты былтыр Алматыға келгенде үйіңе шақырып қонақ етіпсің. Екеуің сонда не жайлы сөйлестіңдер? Бір-бірлеріңе қандай тапсырма бердіңдер? – дейді... Күлесің бе, жылайсың ба?  – Қазаққа ондай берекені кім берсін? Мағжан екеуіміз өмір бойы ит пен мысықтай ырылдасып өткен жандармыз. Біздің сорымыз осында. Ондай бәтуаға келіп, сонау қиырдағы Жапониямен тіл табыссақ, арман не?! – деген ашу үстінде. Сол жауабы үшін тағы бір мәрте соққыға жығылды... Ақын ұсталғанда қоңыр күз еді, қазір ақпанның аяғы. Қарғыс атқан сол бір 24 қыркүйектен бері де бес айдың жүзі болыпты. Әр күні жылға бергісіз азапты айлар. Абақтының іші азынап тұр. Тұтқын мақтасы іріген алабажақ төсенішке бауырын төсеп, қамсауы жоқ ескі жамылғыны кеудесіне таман тартып  қойды. Күн көтеріліп қалса керек, жабықтағы торлы терезеден себездеп сәуле түсіп тұр. Осындай жарықта ғана байқалады: төсеніш пен жамылғының әр жерінде қатып қалған қан дағы бар. Өз қаны ма, өзгенің қаны ма, белгісіз. Үсті-басына қылау қондырмайтын, лас жерге отырып,  кірлі аяқтан ас ішпейтін кірпияз ақын қазір ештеңеден жиіркенбейді. Өмірлік машықтың, мінездің өлгені – өзінің де өлгені ғой. Соңғы күндері мұны ешкім мазалаған жоқ. Тергеу бөлмесіне сүйрелеп, сұраққа алмағалы да жарым айдың жүзі болды. Соған қарағанда, «тойдың» жақындағаны. Тергеп-тексеретіндей не қалды? Бәрін сұрап болған. Күн сайын соққыға жығып, шыбын жанды шырқыратып жүріп, қажетті қағаздарына қол қойдырып алған. Қылмысы бастан асып жатыр. Халық жауы, Кеңес өкіметін құлатуды көздеген астыртын ұйымның мүшесі, шетелмен тіл біріктірген Жапонияның шпионы... Бұдан артық не керек? Атақты 58-статьяның бірнеше тармағын түгел толтырады. Высшее мера наказания! Жазаның ең жоғарғысы. Тек сонысы тезірек жетіп, мән-мағынасы жоқ мына бір «ойыннан» құтылса екен! Тергеу деген аты болмаса, ол да бір спектакль, мысық пен тышқанның ойыны секілді. Мысық қолына түскен жемді асай салуға асықпай, тышқан байғұсты ары-бері қақпақылдап, ойнамаушы ма еді. Бұл да соған ұқсас бірдеңе. Мұны тергеген НКВД майоры мына науқан кезінде Мәскеуден арнайы келген көрінеді. Мұздай суық жанары ызғар шашып, шегір көзі шатынап, адамға жауыға, өшіге қарайды. Жеті атасынан келе жатқан кегі бар секілді. – Сонымен, сіз өзіңіздің ұзақ жыл Жапонияның жансызы болғаныңызды мойындайсыз ғой? – деген мұнымен алғаш кезіккен сәтте-ақ. – Қайдағы Жапония? Мен өмірі тірі жапонды көрген емеспін! – деді, ол кезде әлі қыры сына қоймаған ақын. – Жапонды көрмесеңіз, оның одақтасы Колчакпен әмпей болғансыз! Айырмасы не? – Жалған! Колчактың «Ажал вагонында» болған адам өзінің қас жауымен  қалай тіл табысады? Мен сол кездегі оқиғаларды «Тар жол, тайғақ кешу» деген кітабымда анықтап жазғанмын. – Көз бояу үшін кітапты әдейі жазғансыз! – деді тергеуші рақаттана жымиып. – Әйтпесе, Колчактың түрмесінен оп-оңай сытылып кетуіңізді қалай түсіндіруге болады? Олар сізді арнайы тапсырмамен әдейі босатқан... – Бос сөз! Мен – Қазақстанда Кеңес өкіметін өз қолыммен орнатқан адаммын. Өз өкіметіме ор қазатындай не көрініпті? Бұл күйініп ызаланған сайын тергеушінің қыбы қанып, рақаттанатыны көрініп тұр. Шегір көзі бал-бұл жанып, кекете езу тартты. – Оған таңданатын не бар? Бұратана жұрт өкіліне бәрібір емес пе? Кеңесі не, Колчагі не, әйтеуір, қожайын болса жетіп жатыр... Жапондар күдік тудырмау үшін қызыл комиссар – сізді әдейі таңдаған. Ал сізге керегі – двойная игра. Екі алып биге шықпақ болғансыз... Мұндай сандырақты қалай тыңдап отырарсың? Ақын орнынан қалай ұшып тұрғанын өзі де аңғармай қалды. – Жалған, жала!... Сіз, майор, кіммен сөйлесіп отырғаныңызды білесіз бе? Сіздің алдыңызда – Қазақстанда  жаңа әдебиеттің іргесін өз қолымен қалаған, Кеңестің бірінші ақыны, Халық Комиссарлар Кеңесінің бұрынғы төрағасы отыр. Біліп қойыңыз! – деген ызадан қалш-қалш етіп. Майор шалқайып отырған беті жымиып күлді де, есік жақтағы біреуге иек қақты. Босағада НКВД-ның қарғылы төбеті, аты – қазақ, заты – ібіліс Дәуқара манадан бері бұйрық күтіп тұрған-ды. Кісі сабаудың теңдесі жоқ шебері... Қыр желкесінен бір ауыр соққы сарт ете қалғанда, ақын анадай жерге ұшып түсті. Одан арғысы  – бұлыңғыр.  Әлдекім қалың ұлтанды шойтабан етікпен тепкілей бастаған... Арада қанша уақыт өткенін білмейді, бір мезетте қараса, камераға сүйретіп әкеп тастады. Сүйек-сүйегі күл боп кеткен секілді, қимылдауға дәрмен жоқ. Ұрты қанға толып, екі күрек тісі аузында саудырап бос жүр... Сонда бір-ақ түсінді: бұлармен адамша сөйлесіп, қисынға жүгінем, ақтығымды дәлелдеймін деу әурешілік екен. Әттең, дүние-ай, басқа азаматтардың да көрген күні осы шығар. Осыдан бір ай шамасы бұрын Бейімбетті көріп қалды. Мұны сұраққа әкеле жатқанда, оны екі жендет екі қолтығынан алып, шала-жансар күйінде дәлізде сүйреп барады екен. Қайран, Би-ағаң! Бір жылы туған төл еді... Қой аузынан шөп алмас момыным-ай! Саған мынадай зауал туғанда, басқамызға не жорық.   Былтыр жазда ең алдымен ұсталған Ілияс еді. Ол байғұс не күйде жүр екен? Қалың пұшпақ, қайратты еді. Бірақ мынандай қанды қасапқа қалай төтеп берсін-ау! Өзінің «Құлагері» сияқты Батыраштың балтасынан мерт болатын шығар. Ел басына тағы бір апаттың төнгені анық. Астары арыда, зілі тереңде. Бұл жолғы нысанасы  – зиялы қауым. Халықтың қаймағын сыпырып алса, қалған тобырды құлға айналдыру боқтан оңай. Бұл сапарда кеңшілік, аяушылық деген болмайды. Етіңді боршалап, сүйегіңді ұн ғып тартатын машина сартылдап істеп тұр. Мұндайда қол ұшын созып, араша  түсетін кім бар? Еңбекші халық па? Етекбасты елден дәл қазір не күтесің? Біздің қазақ өз ұлдарына ара түсер биікке әлі көтерілген жоқ. Ара түсер еді, баяғы азат-еркін заманы басында тұрса... Ана жылғы ашаршылықта қақа жарымы қырылған қазақтың бел омыртқасы үзіліп кеткен жоқ па?! Ел бастар серке қайда? Серкелердің сиқы мынау  – өздері қойдай көгенделіп қамауда жатыр. Ақынға түрме таңсық емес-ті. Ақ пен қызылдың шайқасы кезінде Колчактың «Ажал вагонына» да бір түсіп шыққан. Бірақ ол кезде бәрі басқаша еді ғой. Жас еді. Атқан оққа қарсы шабар айқай жиырма бес басқа төнген қауіп-қатерді елең құрлы көрмеген. Ең бастысы, алдында асқақ арман, анау-мынауға мойымайтын ұлы идеал бар-тұғын. Азаттық, теңдік, әділет деп дүниені дүр сілкіндірген социализм идеясы. Заманның басты белгісіне айналған революция ұрандары өзінің дулы дүрмегіне мұны да тартып әкеткен. Тәйірі, нағыз төңкерісшіге ол кезде түрме деген сөз болып па? Қуғын-сүргін, қамау-қапас  – күрескердің еншісі сияқты көрінетін. Колчак түрмесі, одан қар тасыған шанаға жасырынып, ақынның қашып шығатыны, ел ішінде бой тасалап жүрген күндер, Арқа өңірінен тұрақ таппай, Бетбақты басып, Шуға асатын сапары  – жатқан бір романтика, қызығы мол хикаялар... Шүкір, сол еңбегі зая кеткен жоқ. Көп ұзамай барлық жерде Кеңес өкіметі орнады. Қайда барсаң желбіреген қызыл тулар, жеңіс маршы, жас қазақ «марсельезасы» ...Абырой-атақ, биік мансап дегендер өзінен-өзі келіп жатыр. Ал бүгінгі жағдай оған мүлде ұқсамайды. Мәселе – арада жиырма жылдай уақыт өтіп, жастың ұлғайғанында емес, идеалдың күйреуінде, төңкеріске сенген бүкіл бір ұрпақтың тақырға отырып қалуында. Ұят-ай, бұл қазір іргетасын өз қолымен қаласқан, жиырма жыл бойы басынан құс ұшырмай жырға қосқан Кеңес өкіметінің түрмесінде жатыр! Бұл не? Тағдыр тәлкегі ме, әлде асатынан келген зауал ма? Еткен еңбек, төккен тердің қарымтасы қайда?! Қазақтың игі жақсыларына жаманатты болып, қара таяқ коммунист атанғанда, алған «сыйы» осы ма? Өз басы ғана алданса бір сәрі ғой, соңына ерген аңқау халықтың обалына қалды-ау! Тәңірім-ай, ешкімге опа бермейтін сайқал саясатта несі бар еді? Табиғат берген таланты, Құдай артық жаратқан ақындық өнері бар еді ғой. Өзінің Көкшетауын жырға қосып, айрылысқан аққулармен мұңдасып, жайына неге жүрмеді екен?! Енді, міне, не болды? Ұранмен өткен алдамшы өмір көктемгі соғымдай ыдырады да жоқ болды... Ұзақ уақыт жалғыз жатқан адамның іштей қақ жарылып, өзімен-өзі сөйлесетіні болады. Қазір ақынның көкірек қуысында екі адам отырған сияқты. Бірі – ақтаушы, екіншісі – қаралаушы. Осы сәт өзіне бүйрегі бұратын бірінші дауыс бас көтерді. – Сен өзіңді түкке алғысыз етіп, айыптай берме! Адасқан, алданған ұрпақ жалғыз сен емессің. Қашанда төңкерістің бейнетін біреулер тартса, жемісін басқа біреулер жейтін әдеті. Социалистік идеяда еш қапы жоқ. Орта ғана білімі бар сен сияқты қыр баласы түгіл, Еуропа мен Азияның аузымен құс тістеген небір қасқа мен жайсаңы осы жолды таңдаған. Өзің ойлашы: бостандық, теңдік, әділет деген жаман ба? Бұл идея адамзатпен бірге жасай береді. Ниетің хақ еді, сен де өз халқыңа теңдік әпермек болдың. Сенің сорың – социализмде емес, басқада. Себебін сол жақтан ізде! – деді балғамен ұрғандай шегелеп. Бір бүйірде бұғып жатқан «оппоненті» де осыны аңдып отыр деп, бірден қамшы тастады: – Бірақ мынаны да ескеру керек. Социализм қанша керемет болғанымен, ол қазақтың төл тумасы емес, шеттен енген, бұл елге күшпен танылған кірме! – деді өршеленіп. –  Кең далада емін-еркін көшіп жүрген, не өндірісі, не жұмысшы табы жоқ қазаққа таптық төңкеріс, пролетариат диктатурасы неге қажет болды? «Тілеп алған аурудың емі табылмайды» деген осы. Пролетариат өзіне жат қауымды жаныштамай тұрмайды. Ендеше, сен де өзің орнатқан диктатураның құрбанысың! – Жоқ, бәрібір, мәселе социализмде емес, басқада! – деді тағы да бірінші дауыс. – Сен бұл жолы мүлде басқа иірімге түсіп кеттің. Бұл – таптық күрес емес, ұлттық жаныштау. Геноцид. Өзің әлі ұмыта алмай жүрген отыз екінші жылғы қырғын апат та – сол саясаттың жемісі. Сенің басты қателігің –  социализм мен отаршылдықты ажырата алмадың. Әу баста кімнің арбасына мінгеніңді білуің керек еді. Сен бұрын құл болсаң, қазір де құлсың. Еш нәрсе өзгерген жоқ. Сол құл күйінде өтесің дүниеден... Бұдан ары тыңдауға ақынның шыдамы жетпеді. «Жә, жетер! – деп дауыстап қалды. – Иә, дұрыс айтасың, бізді құртқан социализм емес, отаршылдық! Үзілмей келе жатқан империялық саясат! Менің әлгі  «Советстан» деп малданып жүргенім – атын ғана өзгерткен баяғы империя. Аңқау басым соны да білмей келіппін-ау! «Біреу қыз алып қашса, біреу босқа қашады» дегендей, төңкерістің желігімен жүре беріппіз ғой... «Құлды бәрекелді өлтіреді» деген осы. Өзгені ұмытсақ та, өзіміздің құл екенімізді қалай естен шығардық екен? Халқың қапаста тұншығып жатқанда, сен азат аспанда самғаған «қызыл сұңқар» болмақсың. Неткен бейшаралық?!». Әрине, қазақтың бәрі бірдей ақымақ емес. Осы төңкерістің түбі шикі екенін, оның ақыры неге апарып соғарын «Алаш» азаматтары әлдеқашан болжаған. Апаттың алдын алу үшін айтысты, тартысты. Реформаның өзгеше жолын ұсынды. Бірақ оларға қызыл белсенділер ырық берді ме, айтаққа ерген ақкөз солақайлар жан-жақтан мүйіздеп, аренадан тайдырғанша асықты. Сол солақайдың бірі –  ақынның өзі. Ұлтшыл азаматтар жылай-жылай сахнадан кеткенде, «біз жеңдік» деп мәз болысты-ау! Ұят-ай! Жеңгені кім сонда? Ұлттың көсемдері... Бір есептен, ана Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжандардың армандары жоқ. Өз ұлтының бостандығы үшін күресті. Сол жолда басын берді. Ары таза, жолы сара. Нағыз құрбандар деп соларды айтса болады. Ал қызыл коммунистер кімнің «құрбаны?». Сонша шапқылағанда тапқан олжасы осы ма? Өкімет тарапынан халыққа жасалған қиянатты білмедім, сезбедім десе өтірік болады. Сәл кейінірек бұл да соны байқаған. Отыз екінші жылғы аштық апаты кезінде көзге қамшы тигендей шырқ айналған. Бірақ, керегі не, көзқарақтылар баяғыда сезінген шындықты бұл қазақтың қақ жарымы аштан өлгенде бір-ақ көрді. Онысы да түбегейлі емес. Бар кінә –  Голощекинде, соған көзсіз ілескен қазақтың дарынсыз басшыларында деп пайымдаған.  Өлкелік бір жиында ақын Голощекинмен қатты-қатты сөзге келіп, тіпті Филипп Исаевичті ұрмақшы боп ұмтылғаны бар. Сол сұмырай кетсе, бәрі орнына келетіндей көрінген... Иә, жауып кеткен арызға байланысты Голощекин кетіп, оның орнына Мирзоян келгенде, дүниенің сәл кеңіп қалғаны рас. Халық ес жинады. Аш қарын жұбанды. Мәскеуде қазақ өнерінің онкүндігі өтіп, жұрт қатарлы ақынға да орден тақты... Орден алғанына әлі екі жыл да толмапты-ай! Сөйтсе, соның бәрі алдарқату, баланың қолына кәмпит ұстатқандай бірдеңе екен ғой. Дауыл алдындағы болымсыз толас. Естуінше, республика басшысы –  сол Мирзоянды да ұстап әкеткен деседі. Сонда бұл өкімет кімге опа бермек? Енді бәрі кеш. Қолдан билік, бастан ырық кеткен соң өкіндің не, өкінбедің не? Жалған жол жарға жықпай қоймайды екен. Бәсе, ақыннан саясатшы шықпаса керек еді. Бұл соны тағы бір рет дәлелдеді. Қолы көтере алмайтын шоқпарды беліне байлапты. Ел билігіне араласқан екенсің, алты қырдың астындағыны көруің керек қой. Кім дос, кім қас, одақтасың кімдер –  одан жаңылмауың керек. Бұл болса танауынан арғыны көрмепті. Кімге өкпелейді? Ақынның ой-санасы тағы да қақ жарылып, өзара айтысып кетті. – Тұрлаусыз дүние, отаршыл өкімет үшін сен жауап бермейсің. Халықтың алдында арың таза болса, басқасына қиналма! – деді бірінші дауыс. – Сен де елің үшін аз бейнет тартқан жоқсың. Басыңды сан рет қатерге тіктің. Адассаң да ел қамын ойлап адастың. Келер ұрпақ бұл еңбегіңді ескереді... – Еңбек еткенің рас. Бірақ өз мүддеңді де бір сәт ұмытқан жоқсың! – деді екінші дауыс аттап бастырмай. –  Өзімшіл едің. Мен-мен, тәкаппар едің. Өзіңді тым жақсы көретінсің. Сондықтан, қашанда күштілердің, жеңімпаздардың тобында жүргің келді. Картаға басыңды салғаның рас. Бірақ қолында көзірдің тұзы отыр еді. Атақ-абыройға, мансапқа құмар болдың. Сені жолдан тайдырған –  сол атаққұмарлық... Жетер! Сол атағы да, мансабы да неге құрып кетпейді. Мүйіз шығатын болса таққа отырып та көрген. Төрт жылдай Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы болды. Жоғары лауазымды жатырқамай, төңкеріске сіңірген еңбегімнің бодауы деп қабылдаған. Ал мансаптың жұқпалы дерт екені рас. Оны бұл тақта отырған кезінде емес, орнынан түсіп қалғанда байқады. Бір өзі Бетбақтың шөлінде қалғандай қатты құлазыған. Басындағы бақты біреулер талтүсте тартып алғандай қиналғаны есінде. Сол жылы ел астанасы Орынбордан Ақмешітке ауысты. Байшыл, ұлтшылдар қайтадан күш алып, солшыл коммунистерді ығыстырғандай көрінген. Орталықты оңтүстікке күштеп көшірген де –  сол оңшыл топтар. Бірақ, Ақмешіт атауы Мәскеуге ұнаған жоқ, жаңадан ат табу керек болды. Ұзақ таластан соң, ақыры мәмлеге келген. Ақмешіттің ендігі аты –  Қызылорда. Екі жақ та «біз ұттық» деп ойлады. «Қызыл» деген сөзді қосқанына қызылдар мәз. «Орданы» қыстырып жібергеніне ұлтшылдар да мұртынан күлді. Сол 1925 жылдың  сәуір айында республика советтерінің V-съезі өткен. Осы жиында қазақтар бұрынғы «киргиз» деген жалған аттан құтылып, қазақ деген өз есімін қайтарып алды. Бұл бәріне ортақ қуаныш еді. Алайда, съезде басшы қызметкерлер сайланғанда, ұлтшылдардың тасы өрге домалап, ақын өкімет құрамына ілінбей қалды. Сондағы тауы шағылып, қорланғанын айтпа! Жан дүниесін сұрапыл ашу, ымырасыз өкпе билеп алған. Тәңірім-ау, мұның мансапта несі бар десейші! Ақыры сол пенделік сезімдер ырық бермей, мұны орны толмас қателікке ұрындырды. Арада бір ай өткенде, ақын Мәскеудегі Советтердің бүкілодақтық үшінші съезіне барған. Он күнге созылған жиналысқа аракідік Сталин де қатысып жүрді. Қызыл қорғанды Кремль, Қызыл алаң, желбіреген қызыл тулар ақынның төңкерістік рухын қайта қоздырды.  Сірә, соның әсері болар, бір күні президиумда отырған Сталинге «записка» жазып, аудиенция сұрады. Ойы – өзінің қызметтен шеттеп қалғанын айтып, осындағы коммунистік академияға түсуге жолдама сұрамақ. Жиын аяқталар шамада Сталин мұны қабылдады. Бұл Сталиннің бұған дейін өзіне қолбайлау боп келген жарымжан көсемнен құтылып, бар билікті өз қолына алған, әйткенмен, дәл қазіргідей алапаты аса қоймаған кез еді. Республика басшыларының бірі боп келген ақынды ол бұрыннан білетін-ді. Талай жиында, банкеттерде бірге болғаны бар. Қою қара мұрт пен қайратты қара шашта бір тал қылау жоқ, қырық бестерге жаңа келген шағы. Орысша сөйлегенде әр сөзін нақтап, қате жібермеуге тырысқанымен, Кавказ акценті бәрібір білініп тұрады... Бұл кіргенде, Сталиннің қасында Молотов пен Куйбышев отыр екен. – Жолдас Сейфуллин, хош келдіңіз! Қазақстанда не болып жатыр? Әңгіме айта отырыңыз! – деді қол беріп, жайғасқан соң. Ақынның бұйымтайы басқа еді. Бірақ сөйлесе келе өзін ірке алмай қалды. Іштегі қыжыл еріксіз сыртқа шықты. Республикадағы саяси ахуалды баяндай келіп, дәл қазір байшыл-ұлтшылдардың белең алып тұрғанын да жасырмады. Ең соңында өзінің қызметсіз қалғанын айтып, Мәскеуге оқуға қалдыруын өтінді. –  Бұрын қайда оқыған едіңіз? –  Омбыдағы мұғалімдер семинариясын бітіргем.            – Революционер үшін ол аз оқу емес. Менің де бар бітіргенім – семинария! – деді Сталин мұртын бүлк еткізіп. – Сізді Академияға қалдыру оп-оңай. Бірақ сіз сияқты байырғы коммунистер дәл қазір республиканың өзіне де қажет емес пе?! Алаңсыз қайта беріңіз! Біз Қазақстандағы жағдайды әлі-ақ реттейтін боламыз... Әңгіме осымен аяқталған. Көсеммен бетпе-бет сөйлескенін бу көрмесе де, едәуір бел алып, елге көңілденіп қайтқаны есінде. Айтқанындай-ақ, көп ұзамай Қазақстанды «ретке келтіру» басталып та кетті. Сол жылы қыркүйек айында республикаға басшы болып Филипп Исаевич Голощекин келді. Ақын оны бір көргеннен ұнатқан жоқ. Өзі ұры иттей жылмаңдаған неме екен. «Патшаны атқан, қолы қанды, жолы зарлы адамның келуі жақсы ырым емес-ау» деп іш жиып қалған. Және соны өзі шақырып келгендей, біразға дейін қатты қобалжып жүрді. Голощекин мұнда келісімен маңайына өзіне қолайлы, айтқанынан шықпайтын, неғұрлым шала сауатты адамдарды топтап жатты. Ақынның беделіне қаймықты ма, қызметке шақырған жоқ. Ерегескендей бұл да ыңғай таныта қоймады. Бар өшін қағаздан алып, көптен ойда жүрген «Тар жол, тайғақ кешуді» жазуға кірісті. Айғақты фактілері мен құжаттары жинақталып, баста піскен дүниенің жазылуы ұзаққа созылған жоқ. Бірер жылда қағазға түсіп, келесі жылы кітап боп басылып шықты. Деректі шығармада Кеңес өкіметін орнату жолындағы күрес, ақынның өз басынан кешкендері, төңкеріске еңбегі сіңген ерлер мен оған қарсы шыққан байшыл-ұлтшылдар әрекеті нақты көрініс тапқан. Былайша жаман кітап емес. Өмірдің өзінен туған тамаша тараулар бар. Тек, «мыналар кеңес өкіметінің жауы» деп, Алаш азаматтарын тізіп көрсеткені сәл артықтау болды. «Тар жол» дереу орысшаға аударылып жатқан. Сол аударманы қолына қалай түсірді екен, бір жолыққанда Голощекин: – Жолдас Сейфуллин, кітабыңыз тамаша екен! Республикадағы саяси жағдайды алақанға салғандай ғып айтып беріпсіз! – деп аузының суы құрып мақтағаны бар. Ақын оның мақтауына масаттанған жоқ, қайта әлдебір ыңғайсыздық сезініп, тыжырынып қалған. Алайда, Голощекин сұм кітаптағы кейбір фактілерді өз қажетіне жаратқан секілді. Араға жыл салмай, «байшыл-ұлтшыл» атанған азаматтар бір шетінен ұстала бастағанда, ақын санын бір-ақ соқты. Қазақ ағайынды өкпеге қиса да, өлімге қимайды. Бұлай болар деп кім ойлаған? Бұл тек өз кітабында кеңес өкіметіне сіңірген еңбегін айтқысы келген. Ақын да пенде ғой, өткенді естеріне салып, өкіметке өзін бұлдап өткізгісі келді ме, кім білсін?! Ал, Алаш азаматтарын атағанда, мақсат бәсекелестерін біржола құртып жіберу емес, оларға өзінше сес көрсетіп, «Аяз, әліңді біл» демек еді. Әйтсе де сол  аңғырттығын өзіне мәңгі кешірмейді. Қашанда тарихқа төреші – уақыт қой. Тәңір таразысын қолына ұстап тұрған кісіше, замандастарына қатал үкім шығаратындай бұл кім еді соншама?! Орыста «қаламмен жазғаныңды, балтамен шауып өшіре алмайсың» деген мәтел бар. Ақ қағаз – арың, қара сия – қаның іспетті. Ал, сөз – екі жүзді алдаспан. Аңдамасаң өзің арандаласың... Жаңағы бір әредікте тұтқынға сәскелік ас әкелген. Екі тілім нан, бір тостаған шай, тары ботқасы. Тамақ – үш арсыздың бірі ғой. «Ұйқы арсыз, күлкі арсыз, тамақ арсыз» дейді қазақ. Қандай қасіретке жолықсаң да, осы үшеуінен безе алмайсың. Аштық жариялау – бұл өкіметке өтпейді. Аштан өлсең тіпті жақсы, «Жүрегі тоқтап қалды» дейді де, бір шұңқырға көме салады... Тамақтан кейін бой жазу үшін камера ішінде ары-бері жүрген болды. Есік пен төрдің арасы – үш-төрт-ақ қадам жер. Еркіндікте жүргенде оқыған азаматтар жақ-жақ болып қазақтың кең даласына сыймаушы еді, ендігі бұйырғаны – түрменің тар құжырасы... Соңғы соққыдан кейін оң жақ ұршығы бастырмай, қан қақсап ауыратын болған. Аздан соң төсегіне қайта келіп жайғасты. Сонымен, қамшының сабындай қысқа ғұмыр екі айналуға келтірмей өте шыққаны ма? Ақын қалтырай күрсінді. Бұл тірлікті байтақ далада бастап еді, тар қапаста аяқтайтын болды. Жалған дүние деген осы. Бұл пәниге «жалған» деп ат қойған қазақтан басқа халық жоқ. «Бәрі алдамшы, тұрлаусыз» дегені ғой. Соған қарағанда, қазақтың сан соғып, опынған кезі көп болған-ау, сірә! Әрине, бұл жалғанда өмір кешу де, өлу де жаналық емес. Осы пікірді айтқан кім еді? Сергей Есенин екен ғой. Жолы болмаған ақын өмірмен қоштасарда: «В этом мире жить не ново, и умирать, конечно, не ново» деген жоқ па еді. Ал одан гөрі салымы бар Маяковский: «Жить хорошо, жизнь хораша» деп жазды. Бір-біріне жұлдызы қарсы сол Маяковский мен Есенин қайда қазір? Екеуі де осы қоғамға сыймай, ел аман, жұрт тынышта өздеріне қол жұмсап, мерт болды. Анада алғашқы қинау кезінде ақын да бір амалын тауып, өлуді ойластырған. Қас қылғанда, буынып өлетін жіп, не тамырды қиып жіберетін көк темір табылсашы! Әлдебір имансыз жендеттің қолынан қаза тапқанша, өз еркімен ажал құшқанды артық санаған. Кейін ойлана келе бұл райынан қайтып қалды. Онсыз да бұралаңы көп, шатасқан тағдырын қолдан қиындатқысы келмеді. Мейлі, өмір өз ырғағымен-ақ өте берсін. Мұның обалы – Кеңес өкіметінің мойнында ғой. Нақақ төгілген қан күндердің күнінде отаршылдардың бетіне күйе боп жағылмас деймісің. Уақыт өз төрелігін айта жатар. Айтты-айтпады, бұл қоғам түбі не болар екен? Осы бетімен кете бере ме, әлде бір өзгеріс бола ма? Әй, өзгеретін шығар. Дүние өзгермесе, ескінің орнын жаңа баспаса, жаңғырмаса, бұл тіршілік құрып кетпей ме?! Шіркін-ай, осыдан елу жыл, жүз жыл өткенде қандай ұрпақ келер екен? Солар баяғыда Сейфуллин деген біреудің болғанын еске алар ма екен? Не бопты, еске алатын шығар, кітаптары бар емес пе... Солардың өртеуден, жоюдан аман қалған бірлі-жары әлдебір тарихшы, зерттеушінің қолына түспес деймісің. Мұны сол бейтаныс ұрпақ қалай бағалайды, мәселе сонда. Олар мұның шығармаларын салмақтап көрер, архив құжаттарына көз жүгіртер. Бәрі бірауызды бола қоймас, араларында қиян-кескі дау туар... Әрине, олар қолдағы деректерді ғана таразыға салады ғой. Ал ақынның қапастағы ақырғы ойларын, ауыр азаптан туған ақтық байламын кім жеткізеді? Бұған енді «Менің сырым, жігіттер, емес оңай... Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деген Абай сөздерін қайталаудан басқа не қалды? Сол күні кеште ақын бір қызық түс көрді. Бұрынғы түстері шырма-шату, бұлыңғыр болушы еді, бұл жолғысы өңіндегідей ап-анық. Арқаның кең даласы екен дейді... Ел жайлауға қарай бет алған секілді. Ұбақ-шұбақ, сәнді көш... Ер-тұманы жарқылдаған үкілі қыздар, сәйгүлік мінген жігіт-желең. Ақынның астында өзі өлеңге қоса беретін ақбоз аты бар... Содан бір мезгілде көп ауыл көл жағалай қонып жатқан сияқтанады. Жағалауы қамыспен жұрындалған шалқар айдын. Әупілдектің көлі тәрізді. Көл бетінде аппақ қайыңдай аққулар жүзіп жүр... Кенет дүние дүрлігіп кетеді. Көл бетін өрт шалғандай. Өрт емес, қанға боялған аққуларды біреулер жағалаудан оқ жаудырып атып жатқан секілді... Ақын «аққуды атуға болмайды» деп айғайлағысы келеді. Бірақ, қанша зорланса, үні шықпайды... Сөйтіп, бастығырылып жатып, оянып кетті. Өнебойын сұп-суық тер басып кетіпті. Таң атып қалса керек, камера іші алакеуім. «Қайбір жақсылық дейсің, – деді ақын іштей күбірлеп. – Бұл заманның түсі де жан шошырлықтай». Осыдан үш күн өткенде, түн ортасы шамасында есік салдыр-гүлдір ашылып, ішке екі-үш адам кіріп келді. Жүрістері қандай суыт болса, түстері сондай суық. Араларында бұл білетіннен шегір көз тергеуші жүр. Сол беті ақынды тұрғызып алды да, әй-шәй жоқ, алдарына салып айдай жөнелді. Тұтқындарды тым алысқа апармай, осы сұр үйдің астында атады екен дегенді естуі бар-тұғын. Сол зауалды сәттің жеткені ғой. Іштей сиынып, иман айтқан болды. Қызыл комиссардың көптен бері Алланы аузына алғаны осы. Шейіт қой, Құдайдың өзі кешірер...  Подвалдың кіреберіс бөлмесінде шам жанып тұр. Одан арғы ұзынша зал да самаладай жап-жарық. Әлгі бөлмеге кірген соң, әлдекім «Советтік Социалистік Республикалар атынан» үкім оқи бастады. Ақын оған құлақ та қойған жоқ. Бар назары – есігі ашық тұрған жаңағы залда. Еденде ойдым-ойдым қан дақтары білінеді. Біреуді тіпті осының алдында ғана атса керек, қып-қызыл қан сол күйі көлкіп жатыр. Әлден уақытта ақынды біреулер итермелеп, солай қарай бейімдеді. Ол іркілместен ішке кірді. Көптен күткені осы еді ғой, көңілінде титтей қорқыныш жоқ. Мына дүниеде бұл қимайтындай не қалды, шынында? Бұрын кім өліп көріпті. «Өлім қалай болады екен?» деген әуестік қана бар. Ол да – жазушыға тән әуестік... Есіктің ішкі жақтауында қарулы жендет тұрғанын байқады. Бірақ бұрылып қараған жоқ. «Бұлар мүлт кетпейді ғой. Жанымды қинамас» деді ішінен. Сол оймен бес-алты қадам ілгері басқаны сол еді, кенет арт жағынан тарс  еткен  дыбыс шықты да, біреу қарақұстан шоқпармен қойып қалғандай, ақын ұшып түсті... Арғы жағы түпсіз түнекке, жоқтыққа айналған. Өз елі үшін азаттық, теңдік іздеп, бұрма-бұрма жол басқан ақын дүниеден осылай өтті. Бірақ ол, дүниенің бір қалыпта тұрмасын сезсе де, нақақ қандардың киесі ұрған рақымсыз империяның арада жарты ғасыр өтпей омырыла құлайтынын, қазақтың ерікті ел болатынын, өздерінен гөрі әлдеқайда әділетті, әлдеқайда саналы, азат ұрпақ бақытсыз әкелерін көп кіналамай, тарих тозаңынан тазартып алатынын білген жоқ.

Толығырақ: https://massaget.kz/layfstayl/debiet/proza/18320/

Материалды көшіріп басқанда Massaget.kz сайтына гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс. Авторлық құқықты сақтаңыз

Бір ғана ғұмыр
Әділ Тазабеков тамыз айының алғашқы жұлдызында Алматы маңындағы санаторийлердің біріне келіп орнықты. Мұнда бірталайдан бері ат басын бұрғаны осы еді. Жолдаманың құны еселеп өсіп кетіпті. Қалтасына шақтап бір кісілік шағын бөлме сұраған. Бірақ ондай орындар бос болмай, амал жоқ, бағасы удай «полулюкс» аталатын кеңірек бөлмеге жайғасты.

Оған қалайда демалу керек еді. Дәрігерлердің төндіріп айтуынша, жүйке жұқарған, организм әлсіреген. Біразға дейін миға салмақ түсірмей, таза ауада алаңсыз бой жазу керек. Дәрігерлер айтпаса да, тұла бойда бір қажығандық, шаршап-шалдығу бар екенін Әділдің өзі де сезінеді. Бұрын да кезекті кітапты бітірген кезде осындай арып-талу болатын-ды. Бірақ тез сергіп кетуші еді. Мына соңғы екі томдық тарихи роман сіңірін сәл созыңқырап жіберді. Алыс жолдан бұрлығып зорға жеткен арбакештің аты да мұндай болмас. Жүйкесі түскір тозса тозған да шығар, көзі ілінсе болды, шырма-шату түс көреді. Сол баяғы өткен ғасыр оқиғаларынан шыға алмай, кілең бір көк сүңгілі сарбаздар арасында жан алып, жан берісіп жатқаны. Содан оянып кетсе ұйқы жоқ, көрер танды көзімен атқызады.

Сонау бір жылдары Әділ жаз айларында қасына бала-шағасын ертіп алып, Қырым не Кавказ асып кетуші еді. Қара теңіз жаңасындағы жазушылардың шығармашылық үйіне барып, ай бойы емін-еркін демалатын. Қара теңізден жалыққанда жер түбіндегі Балтыққа тартып кеткен кездері де болды-ау! Қазір ондағыдай кен өріс жоқ. Жанағы теңіздердің бәрі «шетелге» қарап кетті.

Ол жататын орнын мұқият қарап шықты. Іркес-тіркес екі бөлме. Ыдыс-аяқ толы сервант, мұздатқыш, телевизор, телефон, бәрі бар. Бірінші қабатта болғанымен, тастұғыры биік екен. Түстікке қараған балконнан Алатаудың ақбас шыңдары, әсіресе зеңгір көкке тік шаншылған Найзатара биігі мен мұндалап көрініп тұр. Балконның дәл түбінде қатар өскен қос қарағай бар екен, соның бұтағында өзінен гөрі құйрығы үлкен, сары бауыр тиіндер секіріп жүр...

Әділ шамаданын ашып, бір киер киімдерін шкафқа апарып ілді. Tіс шөткі, сабын, шампунь, ұстара дегендер жуынатын бөлмеден орын тапты. Сонан соң оқитын кітаптарын, қағаз-қаламын шығарып, жазу үстелін ретке келтірді. Дәл қазір бірдеңе жазайын деген ойы жоқ. Бірақ үйренген ғадет. Жазушының бес қаруы қашанда әзір тұруы керек. Осыларды реттеп бола бергенде, телефон «шыр» ете қалған. Кезекші дәрігер екен. Санаторий кітапшасын алу керек, ем-дом белгілеу керек. Обалы кәнеки. мұнда емнің түр-түрі бар көрінеді. Алайда Әділ күн ара жасайтын массаж бен жүйкені сумен сылап әлдилейтін ваннаның бір-екі түрін алды да, қалғандарына «тәңір жарылғасын» айтты. Мына қаптап жүрген кемпір-шал, қатын-қалашпен қабаттасып, әр есікте кезек күткеннен гөрі тыныштық пен оңашалықты артық санаған.

Осындай ұсақ-түйек рәсімдерді өтеп болған соң, жеңіл киініп, далаға шықты. Санаторий аумағы бұрыннан таныс, ана бір жылдары бірнеше рет келгені бар. Тау алқымына тақау ондаған гектар орман алқабын алып жатыр. Қай жағына қарасаң да, мұрты бүлінбеген бұла табиғатты көресің. Қаланың у-шуынан, гүріл-сарылынан қағаберіс «меңіреу түкпір». Бұл күнде таза ауа мен тыныштықты адамдар ақшаға сатып алатын болды ғой. Бұл санаторийді ұстап тұрған да — сол қасиеті. Қарағай мен қайын, үйеңкі мен шынар аралас өскен қалын орманның шығыс жағы кең аумақты алма бағына ұласады. Орман арасында демалушылар серуендейтін, тас төселген айналма жолдар бар. Бұрылыстарда әр соқпақтың қашықтығын ақ сыр.мен айшықтап жазын қойыпты. Әділ сондай аллеяның біріне түсіп, аяңдап келеді. Ол төңірегіне бажайлай көз жіберіп, бұл бақта өзі атын білмейтін ағаш түрлерінің де бар екенін аңдады. Көпшілігі — түстік жақтан әкелінген сусамыр ағаштар. Тамыз айында тамылжып тұрған сирень мен акацияның жұпар иісі танауды жарып, ол бір-екі дүркін атандай ақырып түшкіріп салды. Бойы жеңіл тартып, сергіп қалғандай сезінген. Ағаш арасында шоғыр-шоғыр бүр жарған мойыл мен үшқат, долана мен шырғанақта ескі таныстай сонадайдан көз тартады. «Бұл жердің ауасы, шынында да, таза екен,—деп ойлады Әділ жасыл алаңқайда ұшып-қонып жүрген ақ, сары көбелектерге көз салып. — Бұлар тек экологиялық таза аймақта ана өмір сүре алады».

Түске дейін үлкендер жағы ем-дом қабылдап, балалар бассейнде шомылып жүрген болар, бак ішінде бұдан басқа сейілдеген ешкім көрінбейді. Кенет, бір қалтарыста, үйілген шөптің түбінде айқаласып жатқан екеудің қасынан өтті. Екеуі де еуропалық жұрттан. Аппақ аяқтары арбаның жетегіндей көкке қарап қалған әйелдің дәл қазір бұрылуға мұршасы жоқ секілді. Ал жирен шашты, мұртты жігіт «өзіңіз де түсінесіз ғой» дегендей, адам аярлық бір түрмен бұған қарап күлген болды... «Түсінбейтін несі бар, әбден түсінемін, — деді Әділ былай шыға бере мырс-мырс күліп. — Бәлкім, бұл санаторийдегі дәрі-дәрмектің ен шипалысы осы шығар...».

Демалушы қауымның сырт сұлбасы мен түскі асқа келгенде танысты. Жапсарлас екі залдың даңғарадай үлкенінде қатардағы көпшілік, ал қырық-елу кісілік кіші залда люкске жататын «қаймақтар» орын алыпты. Бір бүйірден қарағанда бүйрек бетінің далдасынан тәмпіш танауы көрінбей қалатын аққұба келіншек Әділді кіші залға бастап келді де, тор жақтағы төрт кісілік орынды көрсетіп:

— Осында бір орын бос, жайғаса беріңіз! — деді сыпаны сызылып.

Залда зиялы қауым жоқтың қасы. Жазушылардан ешкім ұшыраспады. Залдың әр тұсынан екі-үш адам ғана бұған бас изегі, сәлемдесу ырымын жасады. Университетте сабақ беретін қартаң профессор, бұрын Министрлер Кабинетінде істеген тұстаныс шенеунік, үшіншісі — осындағы баспа директорларының бірі... Қалғандары бейтаныс адамдар. Бұл санаторий қашанда Алматының қаймағын қалқып отыратын. Уақытына қарай сол «қаймақтар» да орын алмастырған секілді. Біреу озып, біреу тозып жатқан заман. Бұл күнде жастарына жетпей қозы карын сала бастаған, ышқырынан «ұялы» телефондары түспейтін және соларын құлақтарына жапсырып алып, машинада кетіп бара жатып та, ас ішіп отырып та сөйлесуден жалықпайтын «іскер» жігіттер көбейді ғой. Көпшілігі — сол іскерлер, солардың ата-ана, бала-шағалары. Өздері жұмыс арасында келіп-кетіп тұратын болса керек. Санаторий ауласы толған «иномаркалы» машиналар. Жанағы жастар тақа бір танитын адамдары болмаса, үлкенге сәлем бермейді екен. «Ақша атасын танымас» дегендей, қасыңнан бедірейген күйі өте шығады.

Әділ алдына қойған асқа кірісе бергені сол еді, үстелдес көршілері келіп қалды. Бір үйдің адамдары болар: жетпіс бестегі қарт, отыз бестегі келіншек, он жасар ұл.

— Ac дәмді болсын! — деді мұнтаздай қырынып, біршама таза киінген, тарамыс қара шал бос орынға жайғасып жатып. Сыпайылық салтымен түсін жылытуға тырысқанымен, ызғар шашқан суық жанары сол күйі қалып қойды.

«Табыттан тұрғандай мынау бір қызық адам екен! —деп ойлады Әділ бірден ұнатпай. — Сонда бұлар кім болғаны? Әкесі, қызы, жиені ме? Әлде, атасы, келіні, немересі ме?» Ұл бала шалдың аузынан түсіп қалғандай...

Әділ енді байқады, келіншек үріп ауызға салғандай өңді адам екен. Екі көзі боталаған, қараторының әдемісі. Қос жанарының мойылдай қаралығы сонша, көз шарасына көлеңке түсіп, көгілдір сатым ойнап тұр. Жас әйел еркектің сұқты көзін сезінді, бірақ қымсынған жоқ. Қайта, «қарамай көр, сұқтанбай көр» дегендей, баласына бірдеңе айтқан болып, сүйкімін арттыра жымиды. Жымиғанда екі бетінің ұшы шұқырая қалады екен. Үш жағы көтеріңкі біткен пісте мұрны да бір еркелік сипат береді өзіне.

Мәссаған! Қызық болғанда, Әділдің екі болжамы да далаға кетті. Мыналар ерлі-зайыптылар екен. Ұл бала ақсақалды «папа» деп отыр. Өздері бірін-бірі «папасы», «мамасы» деп атайды екен. Соған қарағанда, бұл үйдегі негізгі тұлға — мына бала. Үлкендер соның «папасы» мен «мамасы» ғана.

— Смик, сен күні бойы бассейннен шықпайсың. Суға түскен адам тамақты жақсы ішуі керек! — деді отағасы баласының өлі дымы кеппеген шашынан сипап. Әділ селт етіп басын көтеріп алды. Әуелде жаңсақ естідім бе деп ойлаған.

— Балаңыздың ат кім? Смид пе Шмид пе? – деді шын таңданып.

— Смит емес, Смик! — деп отағасы қолма-қол түзету жасады. — СМИК: «Сергей Миронович Киров» дегенді білдіреді. Ұлымыз Киров жолдастың туғанына тура 100 жыл толған күні дүниеге келіп еді. Сол кісінің құрметіне Смик қойғанбыз.

«Ананың өзі болды ғой! — деді Әділ кімді меңзегені белгісіз. — Мына сорлы құлдықтың тақия танбасын енді баласына басып кетпек пе?»

— Үстеліміз бір екен, таныса отырайық, — деп ақсақал қолын ұсынды. — Мен отставкадағы полковник Караман деген ағаң боламын. КГБ... то есть қоғам кауіпсіздігі саласынан... Мына кісі — біздің үйдегі жеңгең. Есімі — Баян... Ал өзіңіз, — дей бергенде, келіншек күйеуінің сөзін бөліп кетті.

— Папасы, қалай танымай қалдыңыз? Бұл кісі жазушы ғой! — деді наздана үн қатып. Біздің үйде кітаптары бар...

— Солай ма? Жазатын адамдар көп қой, қайсы бірін біле берерсің, — деді отағасы ақталғандай.

Әділ: «Жазушы полковниктерден көп емес» деуге бір оқталды да, жай аты-жөнін атаумен ғана шектелді.

— Бұл кісі жай көптің бірі емес, жұртқа белгілі лауреат жазушы, — деді Баян тағы да сөз қосып. Сонан соң Әділге бұрылды. — Бір сұрағым бар: сіз бұрын махаббат жайында көп жазатын едіңіз, кейін тарихқа түсіп кеттіңіз. Неге олай?

— Жастың ұлғайғанынан болар. Әр нәрсе өз уағында ой, — деді Әділ күле жауап беріп. Бүл кезде ол тамақ ішіп болған-ды.

— Жазушы болсаңыз, сізбен ақылдасатын бір шаруам бар. Кейін өзіңізге айтармын, — деді отағасы бұл орнынан тұрып жатқанда.

Әділ бөлмеге келген соң көз шырымын алмақ болып, диванға келіп қисайған. Бірақ бірден ұйықтап кете алмады. Шіркін, адам санасының да қалаған уақытта іске қосып, қалаған уақытта өшіре салатын тетігі болсашы! Дүниеде тоқтау-тұрағы жоқ бір нәрсе болса, ол — осы мидың қызметі шығар-ау. Бейне, таксидің счетчигі тәрізді тынымсыз сыртылдап соғады да тұрады. Және соның бәрі де — сенің өлшеулі өміріңнің есебінен... Mінe, Әділдің. ой-қиялы қас қылғандай жаңағы ерлі-зайыптыларға қайта оралды. Жұмбақ адамдар... Бола берсін, сол жұмбақтың шешуі Әділге қарап қалып па? Қазақта шалға тиген қыз жалғыз сол Баян ба екен? Ондайлар бұрын да болған, мына заманда тіпті еселеп көбеюі мүмкін. Қашанда жас қызды шал екен алмаған, мал-екен алған ғой. Ендеше, жоқтан өзгеден пәлсапа іздеп керегі не? Ал Баян — сөз жоқ, жақсы әйел... Әйелдің сұлулығы — кейде бағы, кейде соры...

Бір тәуірі өстіп жатып мызғып кетіпті. Сірә, екі сағатқа жуық ұйықтаса керек. Көптен кезікпеген тәтті ұйқы. Тү-у, тұла бойы жеңілденіп, сергіп қалғанын қарашы! Сататына қарап еді, төрттен асып қалған екен. Күн аптабы әлі қайтпаған секілді. Ол апыл-ғұпыл киініп, керек-жарағын пакетке салып алды да, бассейнге қарай тартты. Бассейн осыдан жарты шақырымдай жерле, орман ішіндегі бөлек ғимаратта. Қасында сауна, жуынып-шайынатын душ бөлмелері бар. Әділ салқын-сабат айнакөлде ойқастай жүзіп, рахаттанып қалды. Бар айыбы, балалардың көп келетін кезі екен. Солар шуылдап маза берер емес. «Ең абзалы, бұған таңертең ерте келу екен» деп түйді ол судан шығуға бет алып.

Жағалаудан үстелдес көршісі Қараман ақсақал ұшырасып қалды. Мұздай сіресіп киінген қалпы.

— Киімшең тұрғаныңыз қалай, суға түспейсіз бе? — деген Әділ оған таңдана қарап.

— Белдің шойырылмасы бар. Маған салқын су жақпайды, — деді отағасы шабақтай шоршып ойнап жүрген балалардан көз алмаған күйі. — Бірдеңеге ұрынып қала ма деп, ана ұлға қарауыл боп тұрғаным ғой.

— Иә, балаңыз тым ерке көрінеді...

— Енді не істейміз, қартайғанда көрген жалғыз ұл... Бұрынғы бәйбішеден қыздарым бар. Олар өз алдарына үй болып кетті.

Әділ киінетін бөлмеге бұрыла бергені сол еді:

— Әдеке, сәл кідіріңізші! — деп көршісі алдын орап, былай таман бейімдеді. — Сізбен бір шаруаның жайын ақылдассам ба деп едім. «Қартайғанда кәрі боздан жорға шықты» дегендей, менің де бірталай жазған-сызғандарым бар. Сол кітапты қалай бастыруға болады?

— Кітабыңыз не жайында?

— Естеліктер ғой... Бірталай жасқа келдік, көп адамдармен ұшырастық. Мен Мәскеудегі КГБ-ның барлау мектебін қазақтан алғаш бітіргендердің бірімін. Бізге Берии, Вышинский, тағы басқа көрнекті қайраткерлер лекция оқыды... Қоғам қауіпсіздігі саласында елу жыл мінсіз қызмет атқардым. Енді сол өткен жылдардан із қалса деймін ғой баяғы.

Әділ не айтарын білмей бөгеліп тұр. Дүниеде жазуға болмайтын тақырып жоқ. Мәселе, соның қай қырынан келуде ғой... Ал жалғыз ұлының атын «Смик» қойған кісіден не күтуге болады?

— Кітап жазғанда, содан табыс табайын деген ойым жоқ. Өз ақшам өзіме жетеді, — деді Қараман. — Айына қырық мың теңге пенсия аламын. Бұл — қазір орташа төрт жігіттің жалақысы.

«Немесе, бес-алты жазушының пенсиясы! — деп ойлады Әділ жарыла жаздап. — Сұмдық қой! Соншамыз жабылып, КГБ-ның бір полковнигі ғұрлы еңбек етпегеніміз бе? Ол аз болғандай, енді кітап шығарып, алапатын асырмақ...»

— Қазір кітап шығару қиын емес, — деді көршісінің жауап күтіп тұрғанын аңғарып. — Ақшасын төлесеңіз, бірақ айда басып шығарады.

— Сонда бір кітапқа қанша ақша сұрауы мүмкін?

— Ол жағы кітаптың көлеміне және тиражына байланысты. Мәселен, бір томдық кітапты мың данамен шығару үшін, мөлшермен бес жүз мың теңге керек болар.

— Әжептәуір ақша екен... Дегенмен, оны табуға болады! — деді Қараман арқасы кеңіп қалғандай.

Әділ орман ішін аралап келеді. Манағыдай емес, айналма жолдардың бәрі адамға толып кетіпті. Аллея бойлап қыдырыстап жүрген жігіттер, орындықтарда қаздай тізіліп, саялап отырған әйелдер. Көпшілігі — егде тартқан, бірақ төсектен қалса да, өсектен қалмаған сары қарын бәйбішелер көрінеді. Әділ ешбір топқа аялдаған жоқ, бас изеп, ізет ырымын жасап, тұстарынан өте берді. Әйелдер бір-біріне иек көтеріп, ымдасып қалды. Ендігі біраз әңгіме бұл туралы боларында күмән жоқ.

Бас ғимараттың теріскей жағында гүл алаңы бар-тұғын. Сол маңға біраз адамдар жиналып қалыпты. Әлдебір сұңқылдаған әйел дауысы естіледі. Шамасы, біреу өлең оқып тұрған секілді. Әділ қастарына таяғанда, маңырай шығатын жылаңқы дауысты бірден шырамытты. Мәлике ғой мынау! Жиындарда ұзақ сонар өлең оқып, жұртты мезі қылатын кәдімгі Мәлике. О, тоба, мұның да жүрмейтін жері болсашы! Мәликеге үнемі бейтаныс орта, тын өріс керек. Бұл ақынды бір рет тыңдаған не оқыған адам енді кайтып беттемей қалады. Ол бұрын қаладағы оқу орындарын түгендеп жүруші еді, енді емдеу мекемелеріне ауыз салғаны ғой.

Сөз әлпеттеріне қарағанда, Мәлике қазір кешкі астан кейін демалушылармен кездесу өткізетін болса керек. Өлеңдеріне ән шығарған бірнеше сазгер-әншілерін ерте келіпті. Мынау — кездесу алдында жасап тұрған жарнамасы.

— Апай, махаббат жайында оқыңызшы!— деді жас келіншектердің бірі шолжаңдай тіл қатып.

— Ой, сіңілім-ай, махаббат деген бізден қалған нәрсе ғой! — деді Мәлике бос жіберген бурыл шашын салалы саусақтарымен қопсыта тарақтап. — Жаман-жақсы болсын, үш күйеудің басына су құйыппыз. Сонда махаббат отына күймегенде, шошқа тағалап жүрді дейсің бе? Ғашықтық жырларды соңыра кездесуге сақтап отырмын.

Әділ осы әредікті пайдаланып, жылыстап кетпекші болып еді, Мәлике байқап қалған екен:

— Әділ, сен де осында екенсің ғой. Кетпе, шаруа бар! — деп тоқтатып тастады. Сонан соң көпшілікке бұрылып:

Мына Тазабеков деген жазушыны білетін шығарсыздар. Көрнекті қаламгер, лауреат! — деп көтере мақтап келді ме, — біздің өкшемізді басып жүрген інілеріміздің бірі, — деп өзі бірден жоғарылап кетті.

«Осы апамызда біз басатындай өкше қалды ма екен? — деп ойлады Әділ, Мәликенің ұршықтың сабындай сып-сида аяқтарына, өкшесі мүжілген туфлиіне көз жіберіп. — Мені құрбандыққа шалып тұр. Сірә, бұл апамыздың да «кейқуаттығы» ұстап тұр-ау!»

Мәликенің бір орнында ұзақ тұрмайтын әдеті. «Сіздерді концерт залында күтемін» деп әлгілермен қоштасты да, Әділді қолтықтап жүріп кетті. Аузы сөзден босар емес. Бұл манадан бері оны текке мүсіркеп тұр екен. Қазір Мәликенің жағдайы тіпті жақсы көрінеді. Айтысына қарағанда, биыл Қытайда, Үндістанда болып қайтыпты. Алда Пакистан мен Мысыр сапары күтіп тұрса керек.

— Шет мемлекет дегеніңіз сіз үшін ауыл арасына айналыпты ғой. Соның кілтін қалай тауып жүрсіз? — деді Әділ таң-тамаша болып.

— Құдайға шүкір, қазір талантқа жол ашылды ғой! — деді Мәлике шалқи сөйлеп. — Біреулер поэзияның күні батты десіп жүр. Бекер сөз. Керісінше, кейінгі кезде қазақ өлеңі халықаралық биікке көтеріліп барады. Білесін бе, қазір жұртшылықты ауызға қаратудың бір ғана жолы бар. Ол — ел ойлап жүргендей, болымсыз тиражбен кітап шығару емес, трибуна! Сол арқылы теледидарға жол ашу. Осы екеуін жаулап алсаң, миллиондармен тілдескенін. Мен әуелде осындағы халықтар достығы ассамблеясы мен әйелдер қоғамының мінберінен бастағам. Оның ақыры, міне, шетел сапарларына ұласты.

— Ал шет жұрттардың назарына қалай іліктіңіз?

«Өзің әлі бала екенсің ғой» дегендей, Мәлике бұған асқақтай қарады.

— Бұл күнде Алматыда не көп — шет мемлекеттің елшіліктері көп. Солардың ұлттық мейрамдарын құр жіберген емеспін. Мереке күндері гүлімді көтеріп барамын да, достық тақырыбына ағыл-тегіл өлең оқимын. Кейін олар мені өздері іздейтін болды. Обалы кәнеки, мәдени шаралар кезінде делегация құрамынан қалдырмайды.

— Айтары жоқ. Адамның ойына келмейтін тапқырлық! — деді Әділ басын шайқап. — Біздікі далбаса. Халықаралық деңгейге көтерілудің төте жолын сіз тапқан екенсіз, Мәке!

Бұл кезде бұлар бас корпустың алдына келіп қалған-ды.

— Соңыра кездесуге кел. Мен туралы бір-екі ауыз жылы сөз айт! — деді Мәлике қоштасар сәтте.

— Жылы сөзге зәру емессіз ғой. Басқамыз бүгін қосам жарламай, тасада қалғанымыз жөн шығар, — деді Әділ екі ұштылау жауап беріп.

Ол, әрине, кездесуге барған жоқ. Басында Мәликенің қылықтары оған күлкілі сияқты көрінген. Бірақ, байыптап қараса, күлетін нәрсе емес екен. Бәлкім, жылау керек шығар. Ең бастысы, таланттан мақрұм сұрғылт халтура неге көлбеңдеп алға шығуы керек? Олар дарынсыз дүниелерімен осындағы жұртшылықты мезі қылғаны аздай, енді шекараларды көктей өтіп, шетелдіктердің алдында қазақ мәдениетіне өкілдік етуі қалып па еді? Әдебиетті қолды аяқты құлға, шауыпкел шабарманға айналдыру ғой — мұның аты. Иә, қазір айғай-ұранның, митингілердің заманы. Соны жанағы Мәликелер қақай дөп басып, тез бейімделген десейші! Енді оларды тоқтату оңай емес. Осы екпінмен біраз жерге шабады.

Соңғы кезде Әділ ашқан тағы бір жаңалық — «кейқуатшылдық». Оның мәнісі: өзіңде жоқ қасиетке жармасу, ақымақтың ақылды, наданның оқымысты, қорқақтың батыр болып көрінуі дегенге саяды. Бір сөзбен айтқанда, көзбояушылық. Оның шығу тегі тым арыда жатыр. «Алпамыс» жырының бір нұсқасында Алпамыс батыр Қызылбас елін қаратып, хан қызы Қаракөзайымға үйленіп, өзін зынданнан құтқарған Кейқуат құлды хан тағына отырғызып, енді еліне қайтпақ болады. Сол кезде Кейқуат байғұс зар еңіреп:

— Ойбай-ау, мыналар сен кеткен соң мені бір күн де тұрғызбайды ғой. Тағымды тартып алып, таз кебіме кайта түсірмей ме! — деп жылайтыны бар.

Сонда амалы құрыған Алпамыс оған мынадай ақыл үйреткен екен.

— Ендеше, мен бұл елден жай кетпейін. Сен мені жұрттың көзінше ұрсып, қуып жібер. Сонда халық сенен айбынатын болады, — дейді.

Алпамысты көрсеткен ақысына Қаракөзайымдай ханшаның мойнына мініп келетін Кейқуаткімді аясын. Бірден айқұлақтанып шыға келеді. Алаңға жиналған көп халықтың көзінше Алпамысқа:

— Ел-жұртынан безіп, қаңғырып жүрген тексіз неме, жоғал көзіме көрінбей! Сені бүгінге дейін паналатқаным да жетер. Менен бірдеме көрмей тұрғанда, жалтырат табаныңды! — деп ақырады.

Алпамыс одан зәресі ұшып қашқан болады. Сөйтіп, Кейқуаттың абыройы асады. «Алпамыстың өзін қорқытқан мына Кейқуат тегін адам болмады» деп шошыған халық оған ұзақ жыл бағынған екен деседі...

Кейқуат дүниеден өткелі мың жылдан асқан шығар. Ал «кейқуатшылдық» жасап келеді. Ол қазір күнделікті өмірде аттап басқан сайын ұшырасады. Алпамыстар сирек қой қашанда. Алпамысы жоқ елде тізгінді Кейқуаттар ұстайтын әдеті. Манағы Мәликеде —сол кейқуаттар әулетінен.

Бір-біріне егіз қозыдай ұқсас, бедеу күндер баяу жылжып өтіп жатты. Демалыс орны — үлкен өмірдің өзі емес, соның кішкентай моделі тәрізді. Біреулер келіп, біреулер кетіп жатады. Бұл да алма-кезек ауысқан «бес күндік» баянсыз тірліктің бір нышанындай. Бірақ қай жерде, қалай өткізсең де, бастан кешірерің — бір ғана ғұмыр. Бәрі де маңдайға жазылған өлшеулі уақыт есебінен. Сен, бейне, өзіне берілген уақытты жылдарға, ай мен күнге ұсақтатып алып, соны бір шетінен жұмсап жүрген сияқтысың!

Әділ мұнда ешбір компанияға қосылған жоқ. Көзтаныс жігіттер «төртінші қол жетпей тұр» деп карта ойынына шақырып еді, одан да бас тартты. Таңдағаны — тыныштық, оңашалық. Іш пысу, жалғызсырау деген онда болған емес. Адамның осылайша «өзімен-өзі» қалуы да — кемелдік белгісі шығар. Бір өзі — бір тайпа елдей, бір қора жандай. Бүгінге дейін әдебиетте жүздеген образ жасаған екен. Өз алдына жатқан ол да бір патшалық. Солар жалғызсыратпайды. Қалың әскер жасағындай қорғап-қоршап, қасында жүреді.

Ең ғажабы, осы тыныштық пен оңашалық Әділге майдай жақты. Денсаулығы да қалпына келе бастады. Осында келгелі жұқарған жүйке байсал тауып, ұйқысы да түзелді. Күнде таңертең жеті жарымда тұрып, үйреншікті соқпақ пен бақты бір айналып шығады да, сол бусанған қалпында бассейнге қарай тартады. Осында бір бүйірінде бұғып жатқан тағы бір көз қуанышы бар. Әділ көгілдір айдынды бір-екі рет жарып өтіп, салқын-сабаттан рахат тапқан кезде, он жақтағы әйелдер кіретін есіктен кермаралдай керіліп, Баян келе жатады. Келіншектің төбесі көрінгенде, мұның тұла бойында ыстық қан ойнап, жүрегі атқақтап жиі соғып кетеді.

Баян да мұны іздейтін секілді ме, қалай? Сырттай сыр бермегенімен, Әділді көргенде жүзі жайнап, қуанып кеткені белгілі боп тұрады. Өзі тым ашаң да емес, толықта емес, күн бояуы біркелкі жағылған тобылғы торы денесі қолдан қашалған мүсін тәрізді. Соны өзі де сезетіндей, бассейнге келгенде жібек халаттың түймесін салмай, алдыңғы өңірін ашыңқырап жүреді. Ішке кірген соң да тым асықпай, қолындағы пакеті мен халатын іргедегі орындықтардың біріне жайғастырып, жағалауда тұрып, аз-кем тыныстайды. Тәңірім-ай, мұндай да сұлу дене, түзу аяқ болады екен! Бойын тіктеп тұра қалған кезінде жұп-жұмыр тізе мен тоқ балтырдың арасында титтей де саңылау жоқ. Содан бір мезгілде ақ білегін алға соза, серіппедей секіріп, көгілдір айдынға лақтырған найзадай шаншылып түседі.

Осы бір суретке қарап тұрудың өзі — дүниенің рахаты. Әділге соның өзі-ақ жетіп жатыр. Жан дүниесі жадырап, жүрегінің басына бал тамғандай, бір ләззатты күй кешеді. Адам бойына тың қуат құйып, жан жүрегін әлдилейтін бұл да бір дәрі іспетті. Бәлкім, осында келгелі алып жатқан ем-домының ішіндегі ең шипалысы, Әділдің бетін тезірек бері қаратқан — осы Баян ба, кім білсін? Жалпы, науқас адамның сұлу әйелге көз сүзе бастауы теріс емес. Ол да — тіршілікке оралудың нышаны.

Кейінгі кезде екеуі бассейннен қатар шығып, бас корпусқа бірге қайтатын болып жүр. Кейде уақыт кеңірек болғанда, орман ішіндегі соқпақ жолдармен қыдырыстап жүріп қалады. Әділ осындай оңашада келіншектен Қараман жайында сұрайын деп қанша оқталса да, ретін келтіре алмай жүргенді. Бір күні Баянның өзі сыр ұшығын ұстатқандай болды.

— Әдеке, сіз 1986 жылы Желтоқсан оқиғасы кезінде қайда болдыңыз? — деген Әділге тұтқиылдан сұрақ қойып.

— Мен онда таудағы шығармашылық үйінде роман жазып жатқанмын.

— Жастар итке таланып, қанға боялып жатқан кезде де қағаздан бас көтермедіңіз бе?

— Солай болды. Ол өзі — аяқ астынан бүрк ете қалған стихиялы қозғалыс қой. Бас-аяғы екі-ақ күн... Соңы насырға шабар деп кім ойлаған... Ал сіз ше? Ереуіл кезінде қайда болдыңыз?

— Мен онда пединституттың соңғы курсында оқитынмын. Студенттермен бірге алаңға барғанбыз. 18-желтоксанда соққыға жығылып, түрмеге түстім. Сол беті сотталып кетуім де мүмкін еді. Осы Карекеңнің көмегімен зорға босандым.

— Ол кісіні бұрыннан танитын ба едіңіз?

— Жоқ, танымайтынмын. Әйтеуір, тергеу кезінде мені бір көрді де, ықыласы ауды.

«Түсінікті. Өкіметтің қақпанынан құтылғанмен, бәрібір Қараманның қармағына іліккен болдың ғой» дегенді ойлап өтті Әділ ішінен.

— Ол мені ап-сап басылғанша, үш айдай өз үйінде жасырды. Осыдан бір жыл бұрын Қарекеңнің бәйбішесі қайтыс болыпты. Бұйрық қой. ақыры сол үйдің ошағын ұстап қалдым.

— Дегенмен, Қарекеңнің ол істегені де — ерлік! — деді Әділ үндемей қалуды лайықсыз көріп. — Ол кісіге қарыздар екенсіз...

— Қанша қарызы болса да, өтеп құтылдық қой! — деді Баян әлдебір ашу араласқан зілді дауыспен. — «Қасқыр қарызын терісімен өтейді» деген сөз бар екен. Мен бүкіл өміріммен өтедім. Егер сонда он жылға сотталып кетсем, ендігі бостандыққа шығып, қаһармандар қатарында аталып жүрер ме едім, қайтер едім?!

Бұл сөзден Әділдің аңғарғаны, Баянда өзекті өртеген өкініш бар екен. Ақсақалмен де әлдеқашан есеп айырысып болған секілді. Тек, алдағы бағдар айқын емес. Әділден әлдебір мезіреті сөз, кеңес күтетіні байқалады. Бірақ ол отқа май құйып, оқиғаны жеделдеткісі келмеді. Соңғы шешімді Баянның өзіне қалдырған.

Бұл кезде демалыс уақыты ортасынан ауып кеткен-ді. Әділ де өзінін ежелгі сау, еңбекқор қалпын кайта тапқан. Жазу үстелі, кіршіксіз ақ қағаз — ол үшін жар төсегінен кем емес. Дүниеде қаламнан асқан қару жоқ... Ақ қағазға өшіге өрнек қалатын қара сиядан қасиетті не бар бүл жалғанда? Сол ғашықтары Әділді қайтадан құшағына алған. Ол қазір мына заманнан роман жазамын деп жанықпайды. Бұрқ-сарқ қайнаған өтпелі дәуір бір қалыпқа түссін, қанды көбігі тарап, сорпасына дәм кірсін. Шүкір, романды бір кісідей-ақ жазды ғой. Оқырманның барында, сөз қадірі аяққа басылмай тұрғанда, негізгі шығармаларын жариялап үлгергені қандай абырой болған! Енді сәл кешіккенде, мүлде қор болғандай екен. Әйткенмен, қолдан қалам түспеуге тиіс. Алдағы уақытта тұтас бір әңгімелер топтамасын жазуға бел байлаған. Кәнігі қаламгер соның «дайын тұрған» біреуін бастап та кетіп еді.

Ол бүгін де жазу жазып отырған-ды. Есікті салдыр-гүлдір ашып, кіріп келген адамға қараса, үстелдес көршісі Қараман екен. Ақсақалдың өңі өрт өшіргендей:

— Біздің Баянды көрдіңіз бе? — деді тұтыға тіл қатып. Соны айтып. әлдебір күмәнмен төргі бөлмеге мойын созды.

— Баян мұнда келген жоқ. дегенмен қараңыз, көңіліңізде дық қалмасын! — деп орнынан күле көтерілген Әділ жуынатын бөлменің де есігін ашты.

— Кешіріңіз! Түскі астан кейін көзім ілініп кеткен екен. Әлгі Баян ұшты-күйді ғайып болды.

— Бәлкім, балаңызбен бірге бассейнде жүрген шығар...

— Смик бөлмеде ұйықтап жатыр. Бір өзі қас пен көздің арасында қайда кетуі мүмкін? Әй, ол бірдемеге ұрынды ғой! — Қараман соны айтты да, алды-артына қарамай тұра жөнелді.

Көңілге алаң кірген соң, Әділ де орнығып отыра алмай, тез киініп далаға шыққан. Жай қыдырған адам болып, үлкен ғимаратты бұл да бір айналып өтті. Қараман қасына баласын ертіп алып, әлі де зыр қағып жүр екен. Әркімге бір тоқтай қалып, «біздің Баянды көрдіңіз бе?» деген бір сұрауды қайталай береді.

«Қап, мына кісі әбден күлкіге қалды-ау! — деп ойлады Әділ ақсақалға жаны ашып. — Баянның мұнысы не сонда? Шалға көрсеткен шалдуар еркелігі ме, әлде біржола қарасын батырды ма екен?— «Біржола» дегенді ойлағанда, Әділдің жүрегі солқ ете қалды. — Өзі келіп қонған бақыттың қадірін білмей, шынымен-ақ жұртын сипап қалғаным ба? Менің де Қараманнан асып тұрғаным шамалы-ау».

Бірақ түбі қайыр болды, әйтеуір. Баян табылды. Бір топ әйелге ілесіп, дәрі шөп — шырғанақтың дәнін теруге кетіпті. Қараман күндізгі қылығынан ұялды ма, сол күні кешкі асқа келмей қалды. Араларында қатты-қатты сөз болғанға ұқсайды.

— Елге қарауға беті жоқ. Өстіп өзін де, мені де масқара қылады да жүреді, — деді Баян әлі де сабасына түсе қоймай. — Сүлдесін сүйретіп жүріп, қызғаныш несін алған екен?

— «Алдырған — албырт» деген ғой. Қарекең алдымен менің бөлмемді тінтіп шықты. деді Әділ күле тіл қатып.

— Ұят-ай!.. Ол осында келісімен-ақ сізден қатты қауіптеніп жүрген. Қайдан білсін, сіздің қағаздан бас көтермейтініңізді...

Мына сөз Әділдің шымбайына батып-ақ кетті.

— Дегенмен табылғаныңыз жақсы болды! — деді ол қысылғанын сездірмей. — Сізді енді қайтып көре алмаймын ғой дегенді ойлағанда, зәремнің ұшқанын айтпа!

— Шын айтып отырсыз ба?

— Имандай шыным. Қолда барда бір-біріміздің қадірімізді білмейміз ғой... Адамға берілгені — бір ғана өмір. Соның әр күні, әр сағаты қымбат екенін қолдан шығып кеткенде бір-ақ білесің.

— Сіз соны жаңа біліп жүрсіз бе, Әдеке?

— Білу бар да, өмірлік қағида тың ұстану бар ғой. Сізді көрген сайын менің есіме бір қырғыз ақынының өлеңі түседі.

Мен бақытсыз — сені бұрын көрмеген.

Мен бақытты — сені көрмей өлмеген...

— Жақсы екен! — деді Баян мұңая езу тартып. — Өз өлеңіңіз емес пе маған арнаған? Мейлі, кім шығарса да сіздей азаматтан сондай лебіз естігеніме бақыттымын. Қарыздармын сізге...

Ертеңгі асқа Баян тағы да жалғыз келді. Қараман ақсақал да, баласы да көрінбейді.

— Атамыз қайда? Ол кісі сырқаттанып қалған жоқ па? — деген алаңдаушылық білдіріп.

— Ағаңыз аман-есен. Бүгін түскі пойызбен Қарағандыға жүрмек, — деді Баян ештеңе болмағандай көңілдене сөйлеп. — Ол кісі енді мүлде басқа ермек тапты. Елінен «жылу» жинап келіп, кітап бастырмақ.

— Смик ше? Ол да жол жүріп кетті ме?

— Екеуі бірге кетті. Қарекең жалғыз ұлды көзінен таса қылмайды. Мұрагерін ел-жұртқа көрсетіп қайтпақ.

— Олай болғанда, жолаушылардың «тоқымын қату» керек қой. Той жасаңыз! — деді Әділ әлденеге балаша мәз болып.

— Несі бар, жасаймыз. Тойдың құрметті қонағы өзіңіз боласыз!

Әділ кешкі астан кейін далада біраз бой жазып, бөлмеге кіргені сол еді, телефон «шыр» ете қалды.

— Әдеке-ау, не тып отырсыз, тоқым қақпаймыз ба? — деді ар жатынан сызылған әйел дауысы.

— Қағайық.... Мен дайын, — деді Әділ абыржып.

— Бір ғана өтініш: сол «тоқымды» сіздің үйде қақсақ қайтеді? Менің көршілерім жайсыздау...

— Тіпті жақсы. «Тоқым қатар» мен қонақ кәдені қосып жіберейік.

Арада он минуттей уақыт өткенде есік тықырсыз ашылып, ішке Баян кірді. Үстінде өңірі жартылай ғана түймеленген жібек халат. Қолында қомақты сумкасы бар.

— Аумаған біздің бөлме ғой! — деді әуелі ауыз бөлмеге, сонан соң төргі үйдегі екі кісілік емен төсекке көз жіберіп. — Сенесіз бе, мен өмірімде бөтен еркектің бөлмесіне бірінші рет келіп тұрмын!

Сумкасында коньяк, минералды сусындар, неше алуан жеміс-жидек бар екен. Үстелдің үстін лезде жайнатып жіберді. Әділде де біраз «қор» болушы еді, олар да іске қосылды.

— Менің жазушыларға жаным ашиды, — деді Баян аппақ, жұмыр білегін Әділдің мойнына еркелей артып. — Ала қағазбен әуре болып жүріп, талай сыбағадан құр қалған адамсыздар той... Бірақ осы кеш соның бәрін ұмытыңыз! Мен бүгін сізді марапаттайын деп келдім. Бар мәзірім алдыңызда... Айыпқа бұйырмайсыз ба?

— Құдай сақтасын, мен үшін бұдан асқан награда болмас!

Адамдардың қашан да кеш қимылдайтыны несі екен?

Екеуіне бұйырғаны демалыстың соңғы күндері ғана... Небәрі үш-ақ күн. Бір ғана жұбаныш: олар сол күндерді қалай өткізем десе де ерікті еді.

2000 жыл, қаңтар